Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда Құбайдуллиннің зайыбы күйеуінің өліміне қаржы полициясы қызметкерлерін айыптауда

  • AstanaTV
  • 28 мамыр 2014
  • 1463

Атырау облысы Исатай ауданы ішкі істер бөлімінің бұрынғы бастығы Алтынбек Құбайдуллиннің өліміне қатысты жаңа деректер пайда болуда.

Айта кетейік, оны сәуірдің аяғында қаржы полициясы жемқорлық фактісі бойынша ұстаған. Алайда кейіннен ол құрылыс нысанында асылып өлді.

Атыраулық «Мұнайлы Астана» газетінің ақпарынша, бақилық болған майордың зайыбы Ақжібек Сабырғалиева, ұсталған күні күйеуі оған қоңырау шалып, 100 мың доллар жинап қоюды өтінгенін баяндады. Кейіннен жақындары пәтерлерін банкке кепілге қойып, ақша тапқан. Алайда Алтынбек Құбайдуллиннен осыдан кейін хабар болмаған. Ақжібек Сабырғалиева қаржы полициясы істі тоқтату үшін күйеуінен осындай сома талап етті деген күдікте. Ал Атырау облысының экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменті бастығының орынбасары Заңғар Заңқанов бұл ақпарды жоққа шығарды. 


Еске салайық, 21 сәуірде Исатай аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Алтынбек Құбайдуллин 250 000 теңге мен 3 келі бекіре уылдырығын пара ретінде алып жатқан жерінде ұсталды. Ол Каспийде заңсыз бекіре аулағандарға қолдау көрсетті деген күдікке ілінді. Қолға түскен күні майордың денсаулығы күрт нашарлап, ауруханаға жатқызылды. Бірақ, жағдайы жақсарған соң емдеу мекемесінен қашып кеткен оның мүрдесі қаладағы құрылыс нысандарының бірінен табылды. Атырау облыстық прокуратурасы полиция басшысының өліміне қатысты 2 бірдей қылмыстық іс қозғады.

Жұрағат БАМАН