Русский Сайттың толық нұсқасы

Жер реформасына қатысты құрылған комиссияның алғашқы отырысы

  • AstanaTV
  • 14 мамыр 2016
  • 1629

Сонымен Жер реформасына байланысты құрылған комиссияның бүгін алғашқы отырысы өтті. Бейсенбіде премьер-министрдің өкімі шықты -  комиссия және оның құрамы туралы. Комиссияның 75 мүшесі бар. Вице-премьер Бақытжан Сағынтаев жетекшілік етеді. Ол «комиссияда барлық өңірдің азаматтары бар, ел үшін, оның бейбіт болашағы үшін жаны ауыратын барлық азаматтарды шақырдық»,-деді.

Азаматтар пікірталас барысы туралы шынайы ақпарат алуы үшін комиссияның ақпарат құралдары үшін ашық жұмыс істейтінін айтты. Сонымен бірге jerturaly.kz арнайы порталы іске қосылған. Сағынтаевтың айтуынша, порталда комиссияның жұмысы туралы бүкіл ақпарат ашық орналастырылады, адамдар өздерінің көкейкесті сұрақтарын қойып, ұсыныстарын қалдыра алады. Бұған қоса арнайы сall – center жұмыс жасамақ. Комиссияның алғашқы отырысынан Мөлдір Бақытқызы: 

Жер тағдыры еліміздегі бетке ұстар азаматтарды бір үстел басына  тоғыстырды. Алматылық қоғам белсенділері, облыстардан Астанаға асыға жеткен аграршылар өз орындарына жайғасып жатыр. Комиссия құрамындағы 75 адамның бесеуі белгілі себептерге байланысты жиынға қатыспайды. Мысалы, ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай мен «Бірлік» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали шет елде емделіп жатқан көрінеді. Жиын қызу пікірталаспен басталды. Регламет бойынша шешім көпшілік дауыспен шығарылады. Мұнымен келіспейтіндер бар.

Зәуреш Батталова, «Қазақстан парламентаризмінің даму қоры» ҚҚ президенті, Комиссия мүшесі:

Я настаиваю чтобы решение было консенсусное. За нами стоят люди и завтра мы людям  не сможем обьяснить и мы станем во главе с ними и будем вынужены уже оппанировать вместе с ними всем здесь.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер министрінің орынбасары, Комиссия төрағасы:

Айттық қой сабырмен жұмыс істейік ашуға бармай. Айтып отырсыз сіздің артыңызда халық тұр деп. Басқа жұрттың да артында халық тұр. Осында отырған 75 адамның артында халық тұр.

Осы тұста қарама –қайшы пікірлерді қайта қарайтын, редакциялық комиссия құрылатыны шешілді. Мұны саясаттанушы Айдос Сарым ұсынды.

Айдос Сарым, саясаттанушы, Комиссия мүшесі:

Баламалы түрде бар жақтың пікірін ескеретін редакциялық топ құрса, құжаттарды дайындайтын, осының бәрін пысықтайтын. Сол топтан консенсус шешім күтсек. Артынан осы жұмыс тобы дұрыс нәтижеге келіп жатса, жақсы құжат беріп жатса, онда бәріміз соны қолдауға, соған дауыс беруге мүмкіндік аламыз.

Халықтың жер тағдырына осылай алаңдауы қуантады,- деді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед. Жер ешқашан талан-таражға түспейтінін айтып, кезінде қабылданған кодексті еске салды.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, Комиссия төрағасының орынбасары:

1995 жылдан 2001 жылға дейін 6 жыл бойы барлық шетелдіктерге Қазақстаннан 99 жыл мерзімге жалға жер алуға мүмкіндік болған, заңда. Бірақ, қазақтың жерін ешкім талап алып кеткен жоқ. Өйткені, мұның басы-қасында қарап отырған азаматтар бар. 

Негізі шет елдіктерге жерді 25 жылға жалға беру туралы заң былтыр қаңтарда күшіне енген-тін. Бір жыл ішінде жерді жалға алуға бірде-бір инвестор ниет танытпаған. Алайда инвесторлардың келгені керек. Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 1,7 млн гектар жерді игеруге инвестор келсе, қанша табыс түсетіні туралы есеп-қисаппен бөлісті.

Қуандық Бишімбаев, ҚР Ұлттық экономика министрі, Комиссия мүшесі:

Әлемге белгілі McKinsey&Company халықаралық консалтингтік компаниясы мен біздің министрліктің есебі бойынша Қазақстанда 1,7 млн. гектар жерді нарықтық айналымға енгізген кезде, қосымша Жалпы ішкі өнімде 5 жылдың ішінде 50 млрд. теңге ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріледі. Жерді жекеменшікке беру өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді және оның экономикалық тиімділігі 80-110 млрд. теңгені құрайды. Жаңадан 26,5 мың жұмыс орнын ашуға болады. 

Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан 3 жылдан бері ауылда пияз өсіреді екен. Қазақ жалқау дегенге қарсы. Ауылдағы шаруалардың қолынан бәрі келеді. Тек мүмкіндік молайса, деп отыр. Оған қоса шет елдіктердің жерді сатып алуын заңмен тию қажет. Кодекстің кем-кетігі болмауы шарт,- дейді. 

Экс-ауыл шаруашығы министрі Ақылбек Күрішбаев Қазақстанның Солтүстігін Канадамен салыстырды. Мүмкіндік бірдей. Бірақ айырмашылық жер мен көктей,- деді. Канадада бидайды гектарына 30 центнерден жинайды. Жылына 20 млрд долларға ауыл шаруашылығы өнімін экспорттайды. Біздікі 2 млдр. Канадаға жылына 12 млрд доллар инвестиция тартылады. Бізде бұл 24 есеге аз көрінеді. Күрішбаев «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» принципі жұмыс істейді,-деген пікірде.

Ақылбек Күрішбаев, С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университенің ректоры, Комиссия мүшесі:

Дамыған елдердің феномені неде, даму формуласы неге байланысты? Біріншіден, әрине ауылшаруашылығына үлкен мемлекеттік көмек көрсетіледі. Екіншіден, фермерлер жердің қожайыны. Жаңа технология қолданады. 7 млн га жерді пайдаланбай тастаған, біздің қожалықтар. Оларда 7 га жер таппайсыз, өйткені жердің қожайыны бар.

Ал атақты «Родина» агрофирмасының директоры Иван Сауэр комииссия мүшелерін  ауылына қонаққа шақырды. Жерді жекеменшікке беру тәсілі қалай жұмыс істейтінін көрсетпек. Өзі 1993-жылы Астана түбіндегі совхозды жекешелендіріп алған. Сауэр салаға қатысы жоқтарға өкпесін айтты.

Иван Сауэр, «Родина» агрофирмасының директоры, Комиссия мүшесі:

Если я не разбираюсь в музыке, какой из меня эксперт говорит сейчас о музыке? Почему каждый считает возможным и нужным говорит о земле причем безапелляционно, быть экспертом, причем говорить от имени всего народа?  

Ал жер дауына қатысты құрылған «Алаш жолы» қозғалысының мүшесі Мақсат Ілиясұлы комиссияның шешімі жерде қалмасына кім кепіл,- деп алаңдайды.

Мақсат Нұрыпбаев, құқыққорғаушы, Комиссия мүшесі:

Комиссиямыздың заңды мәртебесі анықталған жоқ. Комиссияның шешімінің құзіреті қандай болады. Осы жерде қабылданған шешім заңдардың өзгеруіне ықпал етеді ме. Біз Парламент жанындағы жұмыс тобына мүше боламыз ба, болмаймыз ба, жауапсыз қалып отыр. 

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер министрінің орынбасары, Комиссия төрағасы:

Талқылаймыз, қисық жері бола жөндейміз. Парламентке өткіземіз. Жұмысшы топтары құрылады, келісе отырып бір мәмлеге келген соң, Парламентке өткіземіз яғни біздің құзіретіміз бар.

Алғашқы отырыс 7 сағатқа, дәлірегі 6 сағат, 47 минутқа созылды. Комиссия мүшелері үзіліске шықпай, пікірталастырды. «Пікірімді айтамын» дегендердің барлығы сөйледі.

Еске салайық, жер кодексіндегі халық арасында резонанс туғызған тармақтарға Президент жыл соңына дейін мораторий жариялаған. Және қоғам белсенділері мен халық өкілдерінен құрылған комиссия жасақтап, кодекстегі кейбір тармақтарды талқыға салуды тапсырған. Оның ішінде жерді аукцион арқылы сату және 25 жылға шет елдіктерге жалға беру мәселесі. Алғашқы басқосуда комиссия мүшелері  нақты ұсыныс айтқан жоқ, тек позицияларын білдірді. Көбісі 5 минуттық регламантті басып озды. Көкейдегі ойларын ақтарып қалуға тырысты. Келесі отырыстарда алдын-ала жазбаша ұсыныс түсіріп, соны талқылайды. Жер кодексіндегі тармақтарды қайта қарайтын бұл құрам апта сайын бас қосады деп жоспарланып отыр.

Мөлдір Бақытқызы, «Біздің уақыт».