Русский Сайттың толық нұсқасы

Ө.Шүкеев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы: Ұлттық әл-ауқат қоры директорлар кеңесі құрамынан шенеуніктерді шеттету керек

  • AstanaTV
  • 28 мамыр 2014
  • 1403

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры директорлар кеңесі құрамынан шенеуніктерді шеттету керек. Бүгін Астанада қор компаниялар тобының топ-менеджментімен және тәуелсіз директорлармен бірігіп Трансформациялау бағдарламасын талқылау кезінде Басқарма төрағасы Өмірзақ Шүкеев осыны мәлімдеді.

Аталмыш бастама аясында ауқымды өзгерістер орын алмақ. Бүгінде қор құрамында 600 компания бар. Жеті деңгейлі еншілес компаниялары тағы бар. Барлығының жұмыс жүйесін реттеу көзделген. Қаптаған Акционерлік қоғамдар қысқартылады. Бұдан бөлек, қордың директорлар кеңесі құрамын кеңейтіп, тәуелсіз директорларды тарту қажет дейді Шүкеев.

Өмірзақ Шүкеев
, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы:

Бізге директорлар кеңесіне түбегейлі реформа керек. Кеңес мүшелерінің санын, кәсібилігін, біліктілігін арттыру қажет. Директорлар кеңесінің басым бөлігін тәуелсіз директорлар құрау тиіс. Біртіндеп оның құрамынан шенеуніктерді шығарамыз.

Басқарма төрағасы, сондай-ақ, трансформациялау бағдарламасы аясында реинжиниринг бағдарламасы іске асатынын хабарлады. Мақсат - жұмыс барысын автоматтандыру, табысты ұлғайту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру. «Теміржол, мұнай саласы технологиясы кеңес кезеңінде қалып қойған. Ал, бәсекелесетін шет елдік компаниялар жұмыс процесін IT технологиямен басқаруға әлдеқашан көшті», - деді Шүкеев. Қор бұл бағдарламаны қыркүйекке дейін әзірлеуді жоспарлап отыр.

Айта кету керек, бұл міндет - президенттің тікелей тапсырмасы. Алайда оның іске асуы ондаған жылдарға созылуы мүмкін.

Мөлдір ДҮЙСЕКИНА