Алматыдағы дәмханадан шығып, тұрғын-үйге жайылған өрт үйлерге жапсарлас, үйлердің бірінші қабатында орналасқан дәмхана-мейрамханалардың жұмсартып айтқанда, «бетімен» жұмыс істейтіндерін кезекті рет «қып-қызыл болып, лаулап» көрсетті.
Негізі, «Ішкі сауда туралы Ережелері» бойынша, қоғамдық тамақтандыру нысандарының жазғы алаңдарын тұрғын үйлердің бірінші қабаттағы терезелерінің астында және тротуарларда орналастыруға тыйым салынады. Сондай-ақ, мейрамхана, дәмхана, бар, асхана тұрғын үйде орналасқан болса, олардың жайлары айғай-шу, вибрация және дыбысты басу туралы мемлекеттік нормативті құжаттардың талаптарына сай болуы керек.
Заң орындалмайды, қайдағы қаулы дерсіз. Даң-дұң музыка мен кәуәптің түтінінен шаршаған адам көп.
Ал өрт жайылған тұрғын – үйдің адамдарын палаткаға көшіргендері... Еске не түседі? Әрине, үйлері дайын болғанша депутаттардың тым қымбат отельде тұрғандары. Оның үстіне төтенше жағдайдан зардап шеккендер мың, миллион емес...
Айгүл Ермахан жалғастырады.
10-мамыр. Таңғы сағат 04:37. «101» пультіне келіп түскен суыт хабар төтеншеліктерді аяғынан тік тұрғызды. Қою қара түтін қаланың қақ ортасынан шығып жатты. Тұрғындардың түн ұйқысын бұзған алапат өрт «Дастархан» супермаркеттер желісіне тиесілі "Корова бар" кафесінен шыққан. Кейін жеті қабатты тұрғын үйге жайылған. Үйге кірген түтіннің иісінен Сергей Григорянның отбасы да оянды. Қараңғыда қолына ілінгенін алып далаға жүгірген. Екі сағат есік алдын торуылдап жүріп, пәтерін көруге кірді. Балконы жанып, асүйіндегі техникалары түгел істен шыққан.
Дыбыстық қыстырма: Практически все вышло из строя, здесь ничем уже нельзя пользоваться.
Күйік шалған баспананың бүгінгі кейпі осындай. Лажсыз көнгеннен басқа амал бар ма ?- дейді ол.
Сергей Григорян, зардап шегуші:
Мен 101 пәтерде тұрамын. Тілсіз жау барлық бөлмені шарпып өтті. Заттардың көбі кәдеге жарамай қалды. Өрт болған уақытта үйге қарауға шамамыз келмеді. Құжатымызды да алып үлгермедік. Әйтеуір қара түтінге тұншықпай сыртқа шықсақ деген ой ғана болды.
Оқиға орнына өрт қызметі -жеті минутта жеттік,- деді. Лапылдаған жалынмен 2 сағат арпалысқан. Абырой болғанда кісі өлімі жоқ.
Сандуғаш Баймұхамбетова, Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі:
Өрттің көлемі 100 шаршы метрді құрады. Өрт барысында 7 адам құтқарылып, 120 адам эвакуацияланды. Оның ішінде 3 бала тіркелген. +Бір адам түтінмен уланып токсикологияға жеткізілген. 00.15.55 115 адам, 21 бірлік негізгі, 120 бірлік арнайы техника жұмылдырылған.
Бірақ сарапшылар өрт сөндірушілердің 7 минутта, толық жасағымен келгеніне күмәнмен қарайды. Қызыл жалынның тұрғын үйге жайылғанын естігенде бір ғана арнайы техника емес, он шақтысы келу керек болған. Сонда 23 пәтер соншалықты зақымданбай, тұрғындары да есеңгіремес еді.
Сергей Уткин, заңгер:
Естуімше, бір ғана өрт сөндіретін көлік келіпті. Қауқары жетпейтін болған соң, тағы бірнеше бірлік техниканы шақыртқан. Сол өрт туралы хабар түскенде ойланып қимылдағанда өртті 23 пәтерге жеткізбеуге болар ма еді? Мысалы, «Адем» ірі сауда орталығы өртенгенде тілсіз жау бет қаратпаған бірінші қабатты сөндіру мүмкін болмаған шығар, бірақ неге тілсіз жауды жоғары қабаттарға жеткізбей ауыздықтауға болмады? Демек, біздегі өрт сөндіру деңгейі төмен.
1 мың 100 шаршы метр аумақты шарпыған өрттің шығу себебі әзірге белгісіз. Болжам бойынша тілсіз жаудың тұтануына дәмханадағы электр желілерінің тұйықталуы себеп болған. Қазір арнайы сараптама тағайындалған.
Сергей Уткин, заңгер:
Әрбір өрт сөндірушінің маңдайына бейнекамера тағып қою керек. Мен үнемі осы ұсынысты айтып келемін. Шұғыл ақпар пультке түсісімен сол камералар іске қосылуы тиіс. Қанша адам өртті сөндіруге кірісті, қанша уақыт кетті - мысалы, 1 сағат па дегендей. Осы жазылып отырған мәліметтер тергеу ісіне көмектескен болар еді. Бұл қоғам үшін керек.
Өрт шыққан дәмхана басшылығы тұрғындарға келтірілген шығынды өтеуді өз мойындарына алды. Жергілікті атқамінерлер жүктеген тапсырмадан соң, өрт болған күннің ертесіне-ақ шығынды есептеу жұмыстары басталып кетті. Үйдің сыртқы қабаты мен баспалдақтарды күйеден тазалау жұмыстарына 30 техника мен 150 құрылысшы жұмылдырылды. Көгілдір отын мен су да беріліп, жанып кеткен электр кабельдері іске қосылды. Ал, туыстарын уақытша сағалаған тұрғындар аула ішінен тігілген шатыр ішіне күнде жиналады. Қалпына келтіру жұмыстарының барысын қадағалау үшін.
Алексей Калашников, «Дастархан» супермаркеттер желісінің атқарушы директоры:
Барлық келтірілген шығынды өз мойнымызға аламыз. Жанып кеткен жиһаздардың да құнын өтеп беретін болдық. Әзірге шығынның нақты көлемі белгіленген жоқ.
Бірақ мәселе бұнымен шешіле қоймас. Есеңгіреген тұрғындардың мұңын естіген қала әкімі Бауыржан Байбек құзырлы органдарға үйлерге жапсарлас салынған барлық жазғы дәмханаларды тексеруді тапсырды. Егер заңсыз салынған кафелер анықталатын болса, олар түбегейлі сүріледі.
Асқар Райқұлов, Алматы қаласы бостандық ауданы әкімінің орынбасары:
16 нысан аралап шықтық. Соның ішінде әрине кемшіліктер жоқ емес. Сол 16 нысанның алтауында кемшіліктер бар. Ол кемшіліктер иелеріне айтылды. 10 күн мерзім берілді. 10 күннің ішінде егер жойылмаса, өкілетті органдар оларға шара қолданады. Егер нысан заңсыз салынған болса, ол әрине сүріледі.
Әкім-қаралар көтерген мәселе айтылған жерінде қалмаса, әйтпесе, тек құлқынын ойлағандар айналасындағылардың қауіпсіздігін ескеретін түрі жоқ,- дейді қарапайым халық.
Көшедегі адамдар:
1. Баллон жарылып өртенсе қаншама отбасы зардап шегеді.
2. Төменгі этаждарға қатар-қатар неше түрлі заведение салуға қарсымын. Себебі үстінде үлкен кісілер болады. Жасы үлкен, бәрінің денсаулығы жоқ. Кішкентай балалар бар, ұйқы бермейді.
3. Болмайды, қарамайсыз ба қанша адамдарға зиян тиіп жатыр, мысалға. Ол бөлек болған дұрыс сияқты. Оның үстіне кулинария, анау-мынау пісіретін болса, ол жерлерге болмайды.
Егер адамдар мүліктерін сақтандырса, бүгінгідей уайымға салынбас еді,- дейді сақтандыру компаниясының өкілдері. Өкінішке қарай, сақтандыру жүйесінің пайдасын білетіндер саусақпен санарлық. Ал, шетелде сақтандыру дегеніміз - тұтастай мәдениет.
Таңжарбай Құлжанов, сақтандыру компаниясының басқарушы директоры:
Америкада 80 пайызға дейін, Еуропада 90 пайызға дейін сақтандырылған. Ал, бізде айту қиындау енді. Неге десең көбіне мына банктен несие алатын кезде залогқа қояды сол кезде ғана сақтандырады. Ал, басқа кезде ешкім дүние мүлкін сақтандырмайды. Алматылықтардың үй мүліктерін сақтандырылғаны 10% шамасында деп ойлаймын, одан аспайды да. Дағдарыс, көп мүмкіншілік болмайды енді. Мүмкін аз-маз адамдарға көмектесер, жалпы бұндай жағдай болған кезде көп көмектесе алмайды. Әркім өзіне сенуіне тура келеді.
Шаһар билігі тілсіз жау шыққан дәмхананың басшылығына баспананы бір апта ішінде реттеуді жүктеген. Өздеріңіз көріп тұрғандай нәтиже бар. Тұрғын үйді әктеп-сылауға тырысып жатыр. Әйнектері шағылған терезелер бүтінделіп, қара күйе көмкерген қабырғалар әжептеуір тазартылды. Отқа оранған дүние-мүлікте түбегейлі жаңартылуда. Аздаған күннен соң, тұрғындар өз шаңырақтарына оралып, мұнда бұрынғы тіршілік қайта жанданады. Ал, тұрғын үйлерге жапсарлас заңсыз салынған жазғы дәмханалар сүріліп, нарықтан ысырылса, қанша адамның "заң бар" деген сенімі оянар еді...
Айгүл Ермахан,
«Біздің уақыт».