Экономикалық одақ келісіміне қол
қою қарсаңында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан
Байбек еліміздің жетекші білім ордаларының бірі - Еуразия Ұлттық университеті
ұжымы және студенттерімен кездесті. Еліміз үшін маңызды тарихи келісім
барысынан жастар хабардар және белсенді қатысушы болуы тиіс. Дәріс мазмұны мен
жастардың интеграция жайындағы ой-пікірі тілшіміз Азамат Алдоңғаровтың
материалында.
Келешек буынның ел үшін бүгін маңызды тарихи ықпалдастық жапсарынан
хабардар болуы - заңды талап. Ертең Елордада Қазақстан, Ресей
және Беларусьтың бір экономикалық одаққа бірігу туралы келісіміне қол
қойылады. Маңызды серіктестіктің ел үшін берері мен жастарға артып отырған жүгі
жайындағы дәрісті тыңдауға студенттер тола жиналды. Бауыржан Байбек сөзін
«интеграция елімізге не береді» деген қарапайым сауалдан бастады.
Жауап ретінде мынаны айтқым
келеді. Жалпы, Қазақстанда 17 млн халық бар, енді экономикалық тұрғысынан алсақ, бұл 17 млн ғана тұтынушы. Бұл, әрине, өте аз. Біз енді, Құдай қаласа, бір-екі күнде
кірейін деп отырмыз, 170 миллиондық тұтынушысы бар интеграцияға. Бұл, жалпы
экономика үшін үлкен күш.
Жиын дәрістен гөрі тең диалог
форматына көбірек ұқсады. «Нұр Отан» партиясы бұндай жиындарды еліміздің барлық
ЖОО-нда өткізіп келеді. Жер-жерлерде айтылған жастардың орынды ой-ұсыныстары
әрқашан «Нұр Отанның» назарында. Мемлекеттік жобалардың іске асырылуында «Сәтті
қадам» мен «Жастар Отанға» ауыл жастарын қолдау бағдарламасы жастардың мемлекет
ісіне аралусына мүмкіндік береді. ЕҰУ 2 курс магистранты Мақсат Хабаров, одақтасу Қазақстанның дамыған 30 ел қатарына қосылуына тың серпін береді деп
есептейді.
Мақсат Хабаров, ЕҰУ 2 курс магистранты:
Әлемде дамыған 30-дықтағы елдердің барлығы осындай
ықпалдастықта және интеграциясының даму жолында бірігіп қызмет жасауда.
Сондықтан, бұндай ықпалдастық біздің елге де, экономикаға, азаматтардың өмір
сүруіне көп әсер тигізеді деп ойлаймыз.
Жиын басталмас бұрын, көпшілікке
Еуразиялық интеграция бойынша ең жиі қойылатын 20 сұрақ брошюрасы ұсынылды. Ерікті одаққа бірікпес
бұрын барлық мүмкіндіктер мен кем-кетікті елеп, екшеп алу маңызды. Олардың дені
одақ пен тәуелсіздік, мүмкіндіктер мен қауіп туралы. «Интеграция серіктес
елдердің ұлттық мүдделерін ескере отырып құрылуы тиіс», -
дейді Бауыржан Байбек. Одақ принципі - тең құқылық. Үш ел
серіктестігін терең зерттеп жүрген университет профессоры Бауыржан Толысбаев
«интеграциясыз өз бетінше дамыған елдер әлем тарихында жоқ» дейді.
Бауыржан Толысбаев, ЕҰУ «Менеджмент» кафедрасының меңгерушісі:
Экономикалық одағымыз бүгінгі күннің талабына сай
құрылып жатыр. Себебі, интеграциялық
процестердің барлығын Елбасымыз қозғағанына 20 жыл болғанын білеміз. Соның барлығы кезең-кезеңімен орындалуы, кешегі өткен Кеден
одағының құрылуы, ертеңгі мынау қол қойып құрылайын деп жатқан үлкен
экономикалық одақтың бізге, Қазақстан мемлекетіне, бізге үлкен аймаққа әкелетін
экономикалық тиімділігі, пайдалылығы өте зор деп есептеледі.
Ынтымақтастық - кең мүмкіндіктер
ғана емес, үлкен жауапкершілік. Мемлекетаралық бірлесудің баянды болуы, әрине, бүгінгі буынның ғана қолында емес, жастарға да жүк артады. Жиынның басты
түйіні осы.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ