Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодар облысы әкімі шатырлардың жиі ұшуын түсіндіруді талап етті

  • AstanaTV
  • 28 мамыр 2014
  • 980

Жел тұрса, қаңбақша ұшатын шатырларға жауаптылар жазалансын. Павлодар облысы әкімдігінің кезекті жиынында, Қанат Бозымбаев қол астындағы шенеуніктерден осыны талап етті. «Бұл олқылық жұмысты талапқа сай орындамағандықтан туындауда», - дейді өңір басшысы.

Тек сәуір айында болған дауыл облыс қазынасын 47 млн теңгеге шығындатқан. Соңғы уақытта Керекуде желдің қатты соғуы жиі тіркелуде. Дауыл тұрса, мемлекеттік мекемелер мен ғимараттардың төбесі қалпақтай ұшып, жерге түсуі қалыпты жағдайға айналып барады.

Мәселен, өткен демалыс күндері табиғаттың тосын мінезінен облыста 20-ға жуық нысан шатырсыз қалған. Тіпті, Екібастұз қаласында оқыс оқиға салдарынан бір адам жарақаттанды. Аймақ басшысы қалыптасқан ахуалға алаңдайтынын жасырмады. Әсіресе, тұрғындар өміріне қауіп төндіріп отырғанын сынға алды. «Бұл жерде гәп жобаның өзінде болып отыр. Әу-бастан жөндеу кінәратпен атқарылған. Сондықтан, ең алдымен сапасыз жұмыс жүргізген мердігерлерді анықтау қажет», - деді облыс басшысы. Сондай-ақ, ол барлық ғимарат шатырының қаншалықты желге төтеп бере алмайтындығын тексеруді талап етті.

Қанат Бозымбаев, Павлодар облысының әкімі:

Жұмыс комиссиясы мен мемлекеттік актіге қол қойғандардың тізімін табыңдар. Сөйтіп, салғырттыққа жол берген мемлекеттік қызметкерлерді анықтап, жазалау керек. Елден ұялсаңдаршы! Сәл жел тұрса болды, бізде шатырлар ұшып, төтенше жағдай орнайды. Не, бұған дейін Сарыарқада екпіні секундына 30 метрлік жел болмап па еді?!

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ