Русский Сайттың толық нұсқасы

Өскеменде Өңірлік даму министрі моноқалалар бойынша кеңес өткізді

  • AstanaTV
  • 28 мамыр 2014
  • 1239

Шығыс Қазақстан облысы Серебрянск қаласындағы бейорганикалық зауыттың жақын арада іске қосылуын Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев өз бақылауына алмақ. Шағын қалада орналасқан ірі зауыт биыл жаңа қарқынмен жұмысын бастауға тиісті. Сондай-ақ, қала тұрғындарының жеке бизнесін дамыту мақсатында мемлекет тарапынан гранттар мен пайыздық үстемақысы төмен несие берілетін болды.

 

Қорғаныш заттарын шығаратын Серебрянск қаласындағы бейорганикалық зауыттың қаңырап тұрғанына біраз жыл болды. Бұрыңғы қожайыны зауыт жұмысын құрдымға жібергелі жұмыс тоқырап тұр. Мемлекет қолдауымен қорғаныш зауыты Қазинженеринг қарамығына өткен еді. Сонда да іске қосылмады. Айта кетейік, бейорганикалық зауыт бұған дейін бизнесмен Мұхтар Әбілязовтың активі қатарында болды.

 

Леонид Нестеренко, Бейорганикалық зауыт директоры:

 

Сұраныс өте жоғары. Біз банкротқа ұшырамай тұрғанда, айналым 1 миллиард теңгеге дейін жететін. Негізгі тұтынушыларымыз «Казцинк», «Қазақмыс», «Арселор Миттал» сияқты ірі кәсіпорындар болған. Тауарымыздың сапасы жоғары болғандықтан көбі бізден алатын.

 

Мұнда өндірілетін тауар сапасының беріктігі рас. Қорғаныш заттарын, яғни, газға қарсы маскалар мен түрлі өндірістік қорғаныш костюмдерін сынақтан өткізетін еліміздегі жалғыз зертхана осы зауытта орналасқан. Ал жұмысшылар білек сыбана еңбек етуге дайын. Тек инвесторлар қаржылай көмек көрсетсе болғаны.

 

Бердібек Сапарбаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

 

Қазір басқа бір жерден қорғаныш зауытын тұрғызамыз дейді. Ол неге керек? Осы дайын зауытты іске қосуымыз керек. Мұнда өндірілетін тауарларға ең алдымен мемлекеттік органдар тапсырыс беруі қажет.

 

10 мың тұрғыны бар шағын қаланың дамуы үшін зауыттың жұмыс істеуі - аса маңызды. Өңірлік даму министрі өз тарапынан қорғаныш зауытының іске қосылуына ат салысатынын айтты.

 

Болат Жәмішев, ҚР Өңірлік даму министрі:

 

Мен бұл шаруаны өз бақылауыма аламын. Қаржы министрімен кеңесіп, қаржыландыру мәселесін қарастырамыз. Бюрократиялық кедергілерді шешеміз. Мәселені шешеміз.

 

Шағын қаладағы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында тұрғындарға шағын несиелер мен гранттар берілетін болды. Бұл бағдарлама ауыл шаруашылығын қолдау бағытымен іске аспақ.

 

Қанат ОРАЛБЕК