Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкенттегі тігін фабрикасы төртінші жыл қатарынан Ресей нарығына өз өнімін шығарып келеді

  • AstanaTV
  • 30 мамыр 2014
  • 1728

Шымкенттегі тігін фабрикасы төртінші жыл қатарынан Ресей нарығына өз өнімін шығарып келеді. 1990-шы жылдардың басында шағын цех болып жасақталған кәсіпорынның жыл өткен сайын ауқымы ұлғайып отырған. 30-дан астам киім түрін тігеді. Солардың ішінде әскери форма мен мекеме қызметкерлерінің бір үлгідегі арнайы киімдеріне сұраныс жоғары екенін айтады. Ерлер костюмі, жұмысшылардың жылы киімдері де көптеп шағырылады. Ресей нарығына оқушыларға арналған мектеп формасын тапсырыспен тігеді.

Қазір де кезекті сұраныс орындалып жатыр. Фабрика басшылары Кедендік одақ құрамынан кіргелі шикізат әкелуде де көп жеңілдік туғанын айтады. Қазір Мәскеудің екі ірі компаниясымен бірлесіп, жұмыс істеп жатырмыз, деді. Өткен жылмен салыстырғанда, тігін фабрикасының Ресейге экспорттаған өнім көлемі үш есеге артыпты.

Әнипа Халбаева, тігін фабрикасының директоры:

Бұрындары кедендік құжаттарды рәсімдеу сынды түрлі қиындықтарға тап болатынбыз. Кедендік одаққа кіргелі барыс келіс, алыс-беріс жеңілдеген. Оның үстіне жеңіл өнеркәсіп саласы өркендеген Ресейден біздің үйренеріміз көп. Кедендік одақтың саяси жағын айтпағанда, экономикалық жағы, әсіресе, біз сияқты кәсіпкерлер үшін өте тиімді. Сондықтан, бұл мүмкіндікті пайдалануымыз керек деп ойлаймын.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ