Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда Жанайдар Садуакасов жайлы кітап жарық көрді

  • AstanaTV
  • 30 мамыр 2014
  • 4358

Құрбандарға құрмет. Тарихтан лайықты бағасын алуы тиіс тұлғалар жетерлік. Соның бірегейі - мемлекет және қоғам қайраткері Жанайдар Садуақасов. Оның есімі зұлмат кезеңнің тарихын жете зерттеген ғалымдардың еңбектерінде немесе көнекөз қариялардың естеліктерінде ғана аталып келеді. Жақында ұлт зиялысын есте қалдыру үшін ұрпағы мен тарихшылар бірігіп естелік кітаптың тұсауын кескен болатын.

Бар-жоғы 39 жыл өмір сүрген Жанайдар Садуақасов, елдің әлеуметтік, рухани-мәдени даму жолында ерекше із қалдырды. Мемлекеттік аппараттың жоғарғы эшелонында жүріп, бесаспап маманға айналды. Тарихшылар оның білімге құштар, жаңалыққа ынтық, елгезек болғанын айтады. Азаматқа туған ауылы үлкен үміт артқан. Білімін жетілдіруіне де жерлестері қол үшін созыпты.

Қайдар Алдажұманов,
тарих ғылымдарының кандидаты:

Қиындық болса да, өз бетімен барып оқуға ұмтылған жастар осы Жанайдар сияқты көп болған. Жанайдардың өзі де қаражат жетіспеген соң сондағы қазақ тұрғындарының қаражатына барып интернатта білім алған.

Зерттеушілердің дерегіне сенсек, ол ел билеу ісіне араласып, маңызды қызметтер атқарған. Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасарлығына дейін өседі. Партияның жауапты хатшысы, Әділет министрі, Республика прокуроры болып істеген. Көлік пен өлкелік сауда саласын да басқарды. Сондай-ақ, мәдениет пен өнердің, ана тілінің жанашыры бола білген. Бірқатар заң жобаларын қазақ тіліне аударды. «Қыз Жібек» операсы Жанайдар Сәдуақасовтың пәрменімен 1936 жылы Мәскеудегі Үлкен академиялық театр сахнасында қойылыпты.

Хангелді Әбжанов, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Бар арманы, білгені, бүкіл күш-жігерін халықтың мәселсін шешуге арнады. Автор осы кітапта оның осы тұлғалық қырын жаңа деректермен ашуға талпынған.

Халқы үшін атқарған жұмыстары билікке ұнамай, Жанайдар Сәдуақасов 1937-жылы қыркүйекте қамауға алынады. Араға 5 ай салып, «халық жауы» деген желеумен атылады. Ал, артында жары мен бір баласы қалған.

Марат Әбсеметов, Қазақстан ұлттық мұрағатының директоры:

Жалғыз ұлы Рүстем. Анасы түрмеден шығып келген соң білім алып, геолог атанды. Үлкен ғалым болды. Көрші Қырғызстанда министрге дейін көтерілген азамат болды.

Жанайдар Сәдуақасов 1957-ші жылы ресми түрде ақталды. Дегенмен, ол туралы зерттеулер тым аз. Зұлмат заманда халқының болашағы үшін басын бәйгеге тіккен қазақ зиялысы лайықты бағасын ала алмай келеді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ