Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралға сексеннің сеңгіріне шыққан жиһанкездер жетті

  • AstanaTV
  • 02 маусым 2014
  • 1418

Оралға қырымдық жиһанкездер ат басын тіреді. Сексеннің сеңгіріне шыққан ерлі-зайыптылар Батыс Қазақстан облысына автостоппен жетіпті. Қарияларды бұл өлке ерекше табиғатымен баурап алған. Сондықтан да, олар Ақжайық өңіріне жыл сайын ат ізін салуды дәстүрге айналдырыпты.

Жусанның жұпар иісі Борис қарияға бала кезінен таныс. Туған жерінен жырақтағанына 60 жыл болса да, шөптің сарайды ашатын жағымды иісі атақонысты еске салады. Биыл да қазақ жеріне табаны тиісімен, қария ерке Жайықтың жағасына аттанды.

Борис
Королёв, саяхатшы:

Жусанда туған жердің иісі бар. Ол
, тіпті, санама сіңіп қалды. Бұл шөп Қырымда да өседі. Бірақ, Оралдағыдай емес, иісі мүлдем басқаша. Сондықтан, жаз түсе осында асығып жетемін.

Оралда дүниеге келген Борис Королев білім қуып, Санкт-Петербургке аттанады. Әскери училищені тәмамдап, Севастопольға тұрақтайды. Осында үйленіп, отбасын құрған. Сондықтан, Қырым құтты қонысына айналыпты. Бірақ, туған жері оған қашан да ыстық. Сондықтан, жыл сайын Оралға арнайы келуді дәстүрге айналдырған. Ежелгі атамекеніндегі өзгерістерді де қадағалап отыратын қариялар кеше ғана Астанадағы тарихи оқиғаны құптап отыр.

Ирина
Королёва, саяхатшы:

Еуразиялық экономикалық одақ - тамаша мүмкіндік. Бұл Ресей мен Беларусь қана емес, Қазақстан үшін де аса маңызды. Сондықтан, үлкен белестерді бағындырған қазақстандықтарға осы бағытынан таймауын тілеймін. Мұндағы халық әдемі, өте кішіпейіл. Тіпті
, қоғамдық көлікке кірсең, жастар тұрып, орын береді. Осының өзі мерейімізді бір өсіріп тастайды. Ал бізде өкінішке орай, мұндай емес.

Оралдың жыл сайын көркейгенін айтқан қариялар үшін Батыс Қазақстан өңірі ауасы мен суы дертке дауа болар шипажайға бергісіз. Енді олар арман қалаға айналған Астанаға жол жүруді жоспарлап отыр. Бұл сапарын олар Елорданың туған күніне орайластырмақ ниетте.

Еркін ҚАРИН