Русский Сайттың толық нұсқасы

ШҚО-да нөсер жауынның салдарынан бірнеше өзен арнасынан тасыды

  • AstanaTV
  • 02 маусым 2014
  • 1185

Шығыс Қазақстан облысында нөсер жауынның салдарынан бірнеше өзен арнасынан тасыды. Аймақтағы Бұқтырма өзенінің су деңгейі 2 метр 10 сантиметрге дейін көтеріліп, көпірлерді шайды. Табиғи апат салдарынан төтенше жағдай қызметкерлері 80-ге жуық туристі қауіпсіз жерге көшіруге мәжбүр болды. Абырой болғанда, зардап шеккен ешкім жоқ.

Катонқарағай ауданының Берел ауылы мен Рахмен Қайнарлары демалыс кешенінің ортасындағы көпірді су шайып, 50 демалушы қарасудың қамауында қалды. Төтенше жағдай қызметкерлері дереу қимылдап туристерді тікұшақпен қауіпсіз жерге көшірді.

Дәл осындай жағдай Зырян ауданы мен Риддер қаласында да орын алған. Риддер қаласында Грамотуха өзені арнасынан асты. Сондықтан Синегорье демалыс орнынан 24 оқушы қауіпсіз аумаққа жеткізілді. Қазіргі уақытта көпірлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Құтқарушылардың айтуынша, өзендегі су деңгейі де төмендеген. Сондықтан тұрғындарға төніп тұрған еш қатер жоқ.

Евгений Шатурный, ШҚО ТЖД ақпараттық бөлімінің басшысы:

Қазіргі таңда арнайы топтар құрылды. Олар су деңгейін бақылап, тұрғындармен жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккен ешкім жоқ. Су көлемі азайды. Енді қауіп туындамауға тиіс.

Қанат ОРАЛБЕК