Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбе облысында туризмнің көзі болар тарихи орындар жетерлік

  • AstanaTV
  • 02 маусым 2014
  • 3746

Ақтөбе облысында туризмнің көзі болар тарихи орындар жетерлік. Бір ғана Қарғалы ауданы табиғатқа бай. Өз алдына кәсіп ашып, туризмді дамытуға тырысып жүрген бизнесмендер бар, тек саусақпен санарлық. Аймақтағы Мансұр Есқожин ішкі туризмнің қазіргі ахуалымен танысты. 

Райса Ешаева жергілікті ауыл шаруашылығы колледжінде мұғалім. Дегенмен аймақтағы тарихты жақсы меңгерген. Айтуынша, облыста туризмді дамытатын ерекше орындар жетерлік. Мәселен таулы қыраттар альпинисттердің көңілінен шығатынына сенеді. Тіпті өңірдегі жалғыз сарқырама да көптің сүйікті демалыс орнына айналған. Тек қызмет көрсетуде кететін ағаттықтар туристтердің ағылып келуіне тоқтау болып тұр-дейді.

Райса Ешаева, саяхатшы:

Негізі сервис жетіспейді. Ұйымдастырып, қолға алып, қаражат болса, барлығын ұйымдастырса, өте тамаша бизнес, туризм болар еді.

Бүгінде аймақтағы ерекше орындар арқылы кәсібін дөңгелетіп отырғандар да баршылық. Ауданда алғаш боп ашылған демалыс орнында балық аулауды сүйетін азаматтарға ерекше бағдарлама әзірленген. Олар бекірені теңізге бармай-ақ ұстауды ұсынады. Қызығушылар да жоқ емес.

Анар Цыц, кәсіпкер:

Ресейден бізге көп келеді. Орск, Магнитогорск, Оренбург қалаларынан. Өткен жылы тіпті Мәскеу мен Санкт-Петербургтен де келгендері болды. Ұшқыш-ғарышкер Юрий Лончаков та бізге келіп демалып, денсаулығын түзеп кетті бірнеше рет.

Облыстың Ресеймен шекараласатын Қарғалы ауданының табиғаты ерекше. Кең дала мен орманды алқаптар кезек ұштасатын ауданға өз беттерімен сапар шегіп келетін демалушылар жетерлік. Ауданының табиғатымен қатар тарихи құндылығы да тұңғиықта. Әйгілі Қалмаққырған және Аңырақай шайқастарына аттанар алдында қазақ сарбаздарының біраз бөлігі әскери дайындықты осы жерден өткізген деседі тарихшылар. Дегенмен туризм саласы мамандары осындай тарихи орындарды өз көзімен тамашалаушылар арқылы ішкі туризмнің дамитынына сенеді. 

Гүлнәр Қартанова, пресс-тур ұйымдастурышысы:

5-6 жылдан кейін Ақтөбе облысының туризмі жаңа белеске шығады деп ойлаймын. Солай деп үміттенем. Себебі біздің аймақта таң қалдырарлық орындар жетерлік. Тек табиғаты сұлу Қарғалы ауданы ғана емес, тарихи жәдігерлерге толы мекендер де бар.

Дейтұрғанмен, әзірге облыстың табиғатын тамашалауды ұсынатын туристтік компания жоқтың қасы. Қалтаның қалыңдығын ойлайтын заманда ішкі туризмнен түсер пайда болмағандықтан, демалыс ұйымдастырушылары тұтынушыларын Қара теңіз жағалауына жөнелткенді жөн көреді. Кәсіпкерлер мен туристтік компаниялар біріге ат салысқанда ғана, отандастарымызбен бірге шетелдіктер де ат басын бұрады.

Мансұр ЕСҚОЖИН