Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкенттегі Кәсіпкерлер палатасының жиынында бизнесті дамыту мәселелері талқыланды

  • AstanaTV
  • 02 маусым 2014
  • 1092

Бизнестің дамуына кедергі келтіретін мәселенің бірі - коммуналдық қызметтердің төлем ақысы. Кәсіпкерлердің айтуынша, көптеген зауыт-фабрикалардың ашылмай жатып жабылып қалуына бірден-бір кедергі - осы тариф. Бұл мәселе Шымкенттегі Кәсіпкерлер палатасының жиынында көтерілді. 

Әділхан Исабаев, ОҚО кәсіпкерлер палатасының энергетика және өнеркәсіп комитетінің төрағасы:

Жылдан жылға барлық мынау энергоқуаттары, соның ішінде электроэнергиямыз бар, газ бар, су бар, жылдан жылға тарифтің көтерілуі.
Былайша айтқанда, бір қолымен мемлекет көтеріп көмегін береді. Екінші қолмен монополистер аяққа тартып жатыр. Қанша сіз тауар шығарсаңыз да, оның бағасы төмен болмайды.

Кәсіпкерлер палатасының жұмысы мен жоспары айтылған жиында бизнесті балақтан тартқан басқа да қиындықтар сөз болды. Әсіресе ауылдық жерде кәсібімді ашам дегендер-несие рәсімдеп, кепілзат қоюға келгенде тығырыққа тіреледі, - деді кәсіпкерлер. Өйткені екінші деңгейлі банктер олардың тозығы жеткен үйлерін кепіл ретінде көзге де ілмейді екен. Еліміздің Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев оңтүстіктің іскер азаматтарымен басқосуда бизнесті қолдауға 1 триллион теңге қаржы қаралғанын айтты.

Бірінші кезеңде ұлттық қордан бөлінетін 500 млдр теңгенің тең жарымы екінші деңгейлі банктердегі қиындық туындаған несиелерді қайта қаржыландыруға жұмсалады. Тағы 100 млрд теңге «Даму» қоры арқылы, ал 150 млрд теңге индустриалды жобаларды қаржыландыруға бағытталмақ. 

Тимур Құлыбаев, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының президиум төрағасы:

Келер жылы да бизнесті қолдауға арналған қаражаттың екінші траншы бөлінеді.
Сондықтан миллиардтаған қаржы мақсатты жұмсалу үшін бақылау қажет. Бұл тұста Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерін аймақтық даму басқармалары органдарының бізде ұсыныс бар. Облыста басқа да құралдар бар. Мен ойлаймын, жергілікті билік тарапынан қолдау болса, біз сенім артатын адамдарымызды ұсынамыз.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ