Русский Сайттың толық нұсқасы

"Қара тізімге" енген 108 қазақстандық шет елге шығарылмайды

  • AstanaTV
  • 03 маусым 2014
  • 1953

Қарызыңыз болса, төлеңіз, әйтпесе елден аттап баспайсыз. Сот орындаушылары шекара асып тынығуға немесе іссапарға аттанатын борышкерлерді қыспаққа ала бастады. Осындай қатаң шараға қарамастан қарызын өтеуге құлық танытатындар азаймаған.

Былтыр сот шешімімен мойнында айыппұл мен өзге де қаржылай төлемақысы барлардың саны Алматыда 5 мың 700 адам болыпты. Биыл олардың саны екі есеге артып кеткен. Қалалық сот актілерін орындау департаменті 12 мыңнан астам азаматтың тысқары елдерге шығуын шектеді. Берешегі барын біле тұрып, шет мемлекетке баруға үміттенгендер әуежайлар мен вокзалдардан кері қайтарылып жатыр.

Әрине қарызға белшеден батып, оны өтеуге асықпайтындардың барлығы шетелге шыға бермейді. Десе де шекара асып тынығып немесе жұмыспен сапарлатуға аттанатындар аз емес. Әділет министрлігі 2010 жылдан бері борышкерлерді тығырыққа тіреудің осы тәсілін пайдаланып келеді. "Анау айтқандай тиімділік болмаса да, берешегі барларға психологиялық тұрғыдан кері әсер ететінін байқау қиын емес", - дейді сот орындаушылары.

Гаухар Тілегенова, Алматы қалалық сот актілерін орындау департаментінің бөлім басшысы:

Өте көп кездеседі. Самолеттен шығарып тастағандар, осында келіп шағымданады. Міне, түнде ұша алмай қалдық деп. Көбі жұмыс бабымен, денсаулығына байланысты ұшып кетуі тиіс. Мен уақытында төлеп тастағанмын дейді. Бірақ түбіртегін бізге әкеп көрсетпеген.

Бүгін алматылық Бекзат Нұрланұлы Алматы халықаралық әуежайынан кері оралды. Ол Қара теңіздің жағасындағы курорттардың біріне жолдамасын алып, достарымен тынығуды жоспарлаған. Алайда жол ережесін бұзғаны үшін осы уақытқа дейін айыппұл төлемеген. Уақытылы төленбеген айыппұл енді еңбек демалысына кесірін тигізіп отыр.

Бекзат Нұрланұлы, борышкер:

Өзіме жүктелген айыппұлды уақытылы төлемегендіктен, әуежайда шектеу қойып тастаған. Оны маған әуежайдағы шекара қызметкерлері ескертіп, «Айыппұлды төле. Содан кейін ғана шетелге шығуға рұқсат береміз» деді.

Өткен жылдан бері бұл бастаманы туристік мекемелер де қолдап келеді. Курортқа жолдама алуға келген әрбір азаматқа агенттік өкілдері ескерту жасауға міндетті. Борышкер билет немесе туристік жолдама алмай тұрып, өзінің қарызы туралы ақпаратқа жүгінсе, саяхаттар алдында әуре-сарсаңға түспейтіні анық.

Эльнара Етимова, туристік компания директоры:

Біз бәрінен беделімізді жоғары қоямыз. Билет сатып алуға келген адамдардың жеке басын базадан қарап, тексеріп аламыз. Көзді жұмып жолдама сататын болсақ, турист тиісті демалыс орындарына уақытында бармайды. Олар өз кезегінде келісімшартта қарастырылғандықтан, айыппұл салады.

Сот актілерін орындаушылардың арнайы қаулысынан соң, шекара маңында анықталған борышкерге судья санкция береді. Сот қазысының пәрмені бойынша мұндай азаматтар қарызын өтемейінше, шетелге аттап баспайды. Құқық қорғаушылар арасында да мемлекеттің бұл бастамасын қолдайтындар бар. 

Сергей Уткин, заңгер:

Құзырлы мекемелердің қарызды төлетуге қатысты түрлі айла-шарғылары бар. Бірақ борышкерлерді шетелге кетіп бара жатқан жерінен қайтару да өзін-өзі ақтайтын әдіс. Неге? Себебі шетелдің қымбат курортында демалуға қаражат табатын адамның ел ішіндегі берешегін кейінге ысырып қоюы әділдік емес.

Сот шешімімен мемлекет, банк, коммуналдық мекемелер мен құзырлы орган алдында қарызы барлар басты нысанада. Әділет министрлігінің дерегі бойынша, Қазақстанда өз берешегіне салғырт қарайтындар саны миллионға жуықтайды. Оның ішінде 108 мыңға жуық отандасымызға сот қаулысы шығып, шетел асуға уақытша тиым салынған. Қарызынан қашқақтағандар арасында ірі кәсіпкерлер, шекпені қалың шенеуніктер мен танымал өнер жұлдыздары да кездеседі.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Қарызыңыздың бар-жоғын анықтау қиындық етпейді. Үкіметтік «e-Gov.kz» сайтына аты-жөніңізді енгізсеңіз, ақпарат көз алдыңызға шығады. "Өзін де өзгені де әурелейтін борышкерлермен күресте тиімділік артпай отыр", - дейді сот орындаушылары. Өткен жылы Алматыда шетелге шығуға тыйым салынғандардың саны 5700 адам болса, биыл бұл сан 12 мыңнан асып кеткен.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ