Русский Сайттың толық нұсқасы

Бүгін ҰБТ-дің екінші күні

  • AstanaTV
  • 03 маусым 2014
  • 1427

Бүгін мектеп бітірушілердің білімін таразылайтын тесттің екінші күні. Бірақ 3 маусымда түлектер ҰБТ-ны тек аймақтарда ғана тапсырады.

Ал Астанадағы тестілеу орталықтарында бүгін тесттен сүрінгендерден шағым қабылданады. Елордада апелляциялық шағым түсірушілер мамандар көмегіне 3, 5 және 7 маусым күндері жүгіне алады. Сондықтан, таңертеңнен тест орталықтарында кешегідей қарбалас жоқ. Әзірге шағымданушылардың саны да белгісіз. Бірақ кешегі күннің өзінде түлектердің бірәз қулығы белгілі болды. Тест сұрақтарына ұқсас суреттер әлеуметтік желілерде жарияланған.

Еске саламыз, бұған дейін Білім және ғылым министрлігі ұялы телефондардағы WhatsApp және Viber сияқты бағдарламалардан сескеніп отырғанын жариялаған. Олар осы арқылы жасырын ақпарат тарап кете ме, деп қауіптенді.

Ал кеше Атырауда түлектердің тыйым салынған заттарды көптеп алып келуінен ҰБТ үш сағаттай кеш басталған. Бұл туралы «ҚазАқпарат» жазды. Тәркіленген заттардың басым бөлігі - ұялы телефондар. Биыл елімізде ҰБТ-ді 92 мыңнан астам түлек тапсырады. Ал 2015 жылдан кейін бірыңғай тестілеу болмауы мүмкін деген ақпаратты Білім және ғылым министрлігі жоққа шығарды.

Илхам ИБРАГИМ