Русский Сайттың толық нұсқасы

Атыраудағы жаңа бордюрлар мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайсыз жасалынған

  • AstanaTV
  • 03 маусым 2014
  • 1470

Жаңа бордюрлар - жаңа кедергілер. Атырауда Қазақстан мен Ресей елдерінің басшылары қатысуымен өтетін ХІ өңіраралық әріптестік форумына дайындық жол жөндеуден басталды. Алайда жаңартылған жиек тастар арбаға таңылған жандардың жүрісін тежеп тастады. Жаяу жүргіншілер жолымен жүру үшін бірінші топ мүгедектерге алдымен арбамен биік жиек тастарды бағындыруға тура келеді. Бірақ көмекшісіз жеке жүру қауіпті. Атыраулық судай жаңа жол жиектерінің арбаға таңылғандарға арналған жаңа кедергілері туралы Базаргүл Нәдірқызы. 

Атырауда мәртебелі қонақтарды күту үшін басталған жөндеу жұмыстары қызып тұр. Әсіресе, төсем тастар жаңартылып, жолдар асфалтталып, жиек тастар жаңартылуда. Әдемілік арбаға таңылғандарға арналмаған болып шықты алайда. Жаяу жүргінші жолдарының жиегіне жаңа бордюрлар орнатылып, арбадағы мүгедектер үшін өте алмас кедергіге айналды.

І топ мүгедегі Руслан Айтпаев екі аптадай бұрын осы көшені абаттандырған жұмысшыларға жиек тастарды стандарқа сәйкес орнату қажеттігін ескертіпті. Алайда олар қолдарын сілтеп, сөзін елемеген.

Руслан Айтпаев, «Бірлік-Единство» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, 1-топ мүгедегі:

Жұмысшыларға жақындап келіп айтқанмын. Салып жатқандарыңыз стандартқа сәйкес келмейді, кішкене төмен отырғызыңыздар деп. Сол кезде біз сал дегенді салып жатырмыз, бригадирге айт деді. Бригадир жоқ. Енді көріп отырсыздар, коляскамен өткенде өте қолайсыз.

Азаттық көшесіндегі жағдай бұдан да ауыр. Бір ғана жаяу жүргінші жолынан өту үшін Русланға 4 бірдей тас кедергіден өтуіне тура келді. Темір тұлпардағылар қол ұшын созудың орнына дабыл басып, жан алқымға алады.

Руслан Айтпаев, «Бірлік-Единство» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, 1-топ мүгедегі:

700 метр жол ішінде 4 өткел бар жаяу жүргіншілерге арналған. Қазір өтіп тұрған пешеходтың өзінде төрт проблема бар. Қасында да 5-6 метрден соң тағы бір өткел бар. Онда да тап сондай. Ешқандай өзгеріс жоқ. Бұрын қандай проблема болды, тап сондай. «Адамдар, бізге де қараңдар» деген өлең бар ғой. Сол сияқты облыс, қала әкімдігіне айтамын. Бізге жаяу жүргіншілер жолын дұрыстап берулеріңізді сұраймын.

Қалалық әкімдік мамандары «жаяу жүргінші» жолдарының барлығы стандартқа сай деп сендіргісі келгенімен, нақты дерек келтірген соң ғана тоқтамға келді. Өткелдерді мердігер компанияларға айтып, 10 күн ішінде қалпына келтіруге уәде берді.

Еркін Ғалиев, Атырау қалалық ТҮКШ және автокөлік жолдары, энергетика бөлімінің басшысы:

Бұл жұмыстың әлі мерзімі бар. Бұдан кейін жол төсеу жұмыстары басталады. Соған байланысты бордюрларды кесіп, норма бойынша жасалынады. Бұл жұмыстар жақын арада бітеді. 10 күн ішінде.

Аймақта арбаға таңылғандардың арасында Руслан секілді белсенділері өте аз. Өйткені қызметке барып-келмек түгілі, дәрігер қабылдауына жету де мұң. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандар шаһардағы көріктендіру жұмыстары мәртебелі қонақтарға ғана емес, қарапайым халықтың игілігіне жасалғанын да қалайды.

Базаргүл ІЗІМОВА