Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандық Иса Ақбербаев кәсіпқой бокста өз атағын қорғап қалды

  • AstanaTV
  • 03 маусым 2014
  • 1367

Кәсіпқой бокстан алғашқы ауыр салмақтағы халықаралық бокс ұйымының чемпионы қазақстандық Иса Ақбербаев өз атағын қорғап қалды. Бұл сында отандасымыз Кения спортшысы Моррис Околоны техникалық нокаутпен жеңді. Бұл қазақстандық былғары қолғап шеберінің кәсіпқой рингтегі 12-ші жеңісі.



Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының басшылары қарағандылық Геннадий Головкинге "суперчемпион" атағын берді. Қазіргі уақытта халықаралық бокс ұйымы мен бүкіләлемдік бокс қауымдастығының чемпионы атағын иеленіп отырған қазақстандық былғары қолғап шебері кезекті кездесуін 26 шілде күні өткізеді. Оның қарсыласы австралиялық Дэниэль Гил.

Бұған дейін екі бірдей тұжырым бойынша чемпиондық белбеулерді иеленген Жасыл Құрлықтың өкілі 30 жекпе-жек өткізіп, оның екеуінде ұтылып, ал 28 кездесуде үздік шықты. Геннадий Головкинге келсек. 29 кездесудің барлығында қарсылас шақ келтірмеген жерлесіміз 26 жекпе-жекті уақытынан бұрын аяқтады.

Естеріңізде болса, бұған дейін жерлесіміз мексикалық кіші Хулио Сезар Чавеспен келіссөз жүргізді. Бірақ промоутерлік компаниясымен қаржы мәселесін шеше алмаған Чавес Головкинмен кездесуден бас тартты. Аталған кәсіпқой бокс кеші 26 шілде күні әйгілі "Мэдисон Сквер Гарден" кешенінде өтеді. Екі спортшы арасындағы кездесу 5 маусым күні Лос-Анжелес қаласында өтетін баспасөз маслихатында ресми түрде жарияланады.

Самат ҚАНАҒАТОВ