Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайлық өнертапқыш алқаптарды себетін көлік шығарды

  • AstanaTV
  • 05 маусым 2014
  • 1267

Қостанайдың егістік алқабында ерекше көлік пайда болды. Ерекшелігі сол - ол егістікті өңдейді, тіпті, суаруға қауқарлы. Жаңа машинаны жергілікті өнертапқыш құрастырған. Жүк көлігі мен авиация машинасы бөлшектерін біріктіріп жасаған. Туындыны ғалымдар да бағалап үлгіріпті.

Бұл - Амангелді Қожахметовтың ойлап тапқан үшінші төл туындысы. Бұған дейін ол жол талғамайтын «Балапан» мен «АРГО» машиналарын жасап, оның игілігін көріп жүр. Енді егістік алқаптарын өңдеу жұмыстарын жеңілдетуді көздепті.

Амангелді Қожахметов, құрастырушы:

Бортты УАЗ көлігіне 180 градусқа бұрылуға мүмкіндік беретін қозғалтқыш орнатылған. Ал авиациялық қозғалтқышқа көлемі 1 текше метрге сәйкес келетін сорғыштар жалғанған. Олар қарапайым электр қуатымен жұмыс істейді.

Машина құрастырушының айтуынша, ерекше көлік бір тәулік ішінде мың гектарды өңдейді. Егістікті бұзбай, тіпті, жауын-шашында да жұмыс істеуге қауқарлы, дейді ол.

Тимур Бейсембаев, Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім жетекшісі:

Егер бұл көлік қазіргі өндірістегі көліктермен теңдей жұмыс істей алса, әрине, қолданамыз. Шығыны аз болса, тіпті жақсы.

Ауыл шаруашлық ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары да бұл көлікті өндірісте қолдануға дайын деп есептейді. Айтуынша, қолда бар үлгіні жетілдіре түссе, көлікті сатып алғысы келетіндер саны арта түсетіні сөзсіз.

Владимир Астафьев, ауыл шаруашылығын механикаландыру ғылыми-зерттеу институтының директоры:

Қазір бұл көліктерді жасап шығаратын өндіруші зауыт немесе өндіріске қаражат бөлетін демеушілер табу қажет. Ал қазіргі көріп тұрғанымыз, бұл қолда бар көліктердің бір үлгісі ғана.

Қолтуындысы сынақтан өтіп жатқан уақытты пайдаланып, автор оның өндірісіне қаржы құяр демеуші іздеуде. Айтуынша, бұл көлік отандық шаруалар үшін таптырмас құралға айналатыны сөзсіз.

Маржан СЕРІКҚЫЗЫ