Русский Сайттың толық нұсқасы

Сенат депутаттары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс жобасын мақұлдады

  • AstanaTV
  • 05 маусым 2014
  • 1703

Қазақстанда әкімшілік жазалар жеңілдетіледі. Бүгін Сенат депутаттары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Әділет министрі Берік Имашевтың айтуынша, кодексте әкімшілік қамауға алудың ең ұзақ мерзімі 30 тәулікке дейін қысқартылмақ. «Мәселен, әкімшілік құқық бұзушылық жасаған, маскүнемдікпен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауыратындарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану жазасы да алынып тасталды», - деді Имашев.

Өз ретінде халық қалаулылары да кодекске қосымша өзгертулер ұсынды. Сенатор Қожахмет Баймаханов, қоғамдық орындарда шылым шегу, ішімдік ішу секілді теріскей қылықтар үшін тағайындалатын айыппұл мөлшерін қайта қарауды сұрады.

Қожахмет Баймаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: 

Мысалы, орысша айтайын, "опьянение" болып келсе дейді, сәл мастау болып, масаңсырап келсе, оған 5 мрп дейді. Ал барып бір жерге барып сигарет шегіп тұрсаң, оған 15 мрп дейді. Мен айтамын, анау мас болып, қаншама адамның мазасын алады, оған бес-ақ мрп береміз, ал байқамай тұрып бір темекі шеккенді ұстап алса, оған 15 мрп береміз. Бір шамалы, әділеттік те болу керек қой енді.

Жаңа жобаны екінші оқылымға әзірлеу барысында сенаторлар бірқатар түзетулер енгізді. Атап айтқанда, сот шешімінен кейінгі мүлікті тәркілеу жазасы кодекстен алынып тасталатын болды. Сонымен қатар кодекс жобасының мемлекеттік тілдегі мәтініне қатысты да ұсыныстар енгізілді.

Жұрағат БАМАН