Русский Сайттың толық нұсқасы

Таразда жол ақысы қымбаттайды

  • AstanaTV
  • 06 маусым 2014
  • 1691

Таразда жол ақысы қымбаттайды. Тіпті бұл күнге дейін қоғамдық көліктермен тегін қатынап келген соғыс ардегерлері мен алтын алқа иелері кешелі бері автобустарға ақы төлеуге мәжбүр. Тіпті түрлі топтағы мүгедектер де жеңілдікпен жүру құқынан қағылып отыр. Мұндай шектеуге шамданған тараздық қариялар бүгін шу шығарды. Тараптарды тындап қайтқан әріптесім Данияр Әлімқұл тақырыпты толықтырады.

Әлеуметтік жеңілдігі бар әулиеаталықтар қоғамдық көлікке құн төлеу - қалтамызды қақты деп қарсылық білдірді. Олар бүгін 2-ші күн автобустарға ақы төлеуде. Жол ақысы - 45 теңге. Осыған наразы болған қариялар «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мекемесіне» барды.

Әмірбек Ораз, 2-ші топтағы мүгедек:

Не деген бәле мынау? Масқара. Кеше Астанадан келсем, Таразда ақша төлейсің дейді маған. Қалай төлеймін? Екінші топтағы мүгедекпін. Соғыс ардагеріне теңестіріп қойған мені. Немереңдей жас бала жағамды ұстайды. Қарындарын қампыйтып мұндағылар отыр.

Ләйлә Құлмырзаева, көп балалы ана:

Талап болғанда, осы жеңілдік орнында қалу керек. Үш жылдық қып берген. Ертең қаңтарда бітеді. Бұл заңда қаралған.

Ал мұндай өзгерісті Тараздағы 13 бірдей көлік тасымалдау мекемесі көтеріпті. Оған жанармай құны мен көлік бөлшектері қымбаттағанын себеп еткен. Сондықтан жақын күнде жолақысын көтеру туралы Жамбыл облысы әкіміне бірнеше мәрте хат жолдаған. Алайда жауап болмаған соң, жеңілдіктен қағуды жөн деп тапқан.

Рашит Пірманов, «Әулиеататранспас» ЖШС бастығының орынбасары:

Бөлшектердің қымбаттауына байланысты. Жанар-жағармайлардың қымбаттауына байланысты қазан айынан бастап хат жазып келген болатынбыз. Осы таңға дейін ешқандай шара қолданылып отырған жоқ. Осындай айқай-шу болатынын біліп, алдын-ала ескертіп, хатты заңды түрде бәрін жаздық.

Қарттардың айқайын естіп, қала әкімінің орынбасары шу шыққан жерге шұғыл жетті. Алып-ұшып келген атқамінер бүгіннен бастап жеңілдігі барлардан жол ақысы алынбайды деп сендірді.

Жақсылық Сапаралиев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:

Барлық жеңілдіктер ол біздің соғыс ардагерлері, бірінші топтағы мүгедектер және мектеп оқушылары, соқыр мүгедектер қандай тарифпен жүрді бүгіннен бастап сол тарифпен жүреді. Кезекті мәслихаттың сессиясында тарифті көтеру бойынша жұмыстар қаралады.

Осылайша, жеңілдіктерінің жарамсыздығын естіп, жағасын ұстаған жұртты жергілікті атқамінер жұбатып кетті. Жеңілдікпен жүру бұрынғысынша қалғанымен, алдағы уақытта Жамбылда жалпыға ортақ жолақы тарифі қымбаттамақ. Яғни бүгіндікке арбаны аман алып қалғанмен, келесіде өгіз өлгелі тұр.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ