Русский Сайттың толық нұсқасы

Петропавлда жатақхана тұрғындары наразылық білдіруде

  • AstanaTV
  • 06 маусым 2014
  • 991

Петропавлда Интернационал көшесіндегі жатақхананың іргесі мүжіле бастады. Тұрғындар "Бесобының күйін кешеміз бе" деп қауіптенеді. Бүгін олар қорқыныштарын ортаға салып, дабыл қақты. Бұл жатақханада жүзден астам адам түтін түтетіп отыр.

Олардың айтуынша, баспана қабырғалары 1997 жылы қақырай бастаған. Содан бері тұрғын үйдің жағдайы жылдан жылға нашарлап келеді. Әбден қаусаған үй жаңбырдың суына шыдас бермей, баспананың беткі жағының 4 шаршы метрі опырылып түскен. Қазір негізгі қабырға да мүжіліп, кірпіштері ақырындап құлап жатыр. Қараша болса, бас амандығын тілеп отыр.

Мария Стадниченко:

Үйдің қасынан өткеннен кейін басыңа ештеңе құламағанына тәубе етесің. Мен жетпіс тоғыздамын. Жарақаттан тіл тартпай кетсем бір сәрі, ал мүгедек болып қалсам ше? Осыдан қорқамын.

Наталья Юрлагина:

Осыдан бірнеше жыл бұрын кәсіпкер дүкен ішінде жөндеу жұмыстарын өткізіп, екінші қабатқа шығатын тесік жасады. Сол кездегі тарс-тұрстан қабырға сыр берді. Ал мына сыртта тұрған тесік шамамен 3 жыл бұрын пайда болды.

Тұрғындар бұл нысанның бой көтергеніне жарты ғасырдан астам уақыт өткенін айтады. Бүгінде әбден тозығы жетсе де, апаттық деп танылмағанына наразы. Жергілікті билік әлеуметке «тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы арқылы жөндеу жұмыстарын ұсынды. Алайда тұрғындар бұл бастамадан бас тартты. "Удай ақшаны қалтамыз көтермейді",- дейді олар. Себебі жатақхана жұртының дені - әлеуметтің әлжуаз тобы. Осыған байланысты әкімдік басқа амал тауып әлек.

Дәулет Қалиасқаров, Петропавл қаласының әкімідігі тұрғын-үй инспекциясының басшысы:

Әбден ескірген үйлерді зерттеу үшін қалалық мәслихат депутаттары бізге 2 млн теңге бөлді. Бұл тізімнің ішіне Интернационал көшесінде тұрған әлгі жатақхана да кіреді. Мердігерлер өз жұмысын шілде айында бастамақ. Үйдің апаттық, не жарамды екенін солар шешеді.

Шенеуніктердің айтуынша, үй апаттық деп танылса, онда жөндеу жұмыстарын билік тарапы өз қолына алады. Ал егер де керісінше, комиссия «тұруға жарамды» деген шешім шығарса, қалыпқа келтіру жұмыстары тұрғындардың мойындарына артылады.

Абзал ҚҰРМАНКИН