Шымкентте ірі жол апаты орын алды. Қала ішінде жолаушылар тасымалдайтын
бағыттағы автобус аударылып қалды. Сол сәтте көлікте 23 жолаушы болған.
Сәбит Байбосынов, Шымкент қалалық жедел-жәрдем ауруханасы қабылдау
бөлімінің меңгерушісі:
Тертеу, жедел нейрохирургия бөлімшесіне мидың жабық жарақаты, мидың ішкі
шайқалуы, диагнозымен, екі науқас жарақаттану бөліміне жатқызылды. Науқастың
біреуіне бұғанасының жабық сынуы, екінші науқаста бел омыртқасының жабық
сынуымен. Жатқызылған науқастардың жалпы жағдайы орташа ауырлықты. Керекті
емінің барлығын қабылдауда.
Мына кадрларды жергілікті телеарналар түсірген. Оқыс оқиға базар маңында
орын алған. Алдын-ала жасалған болжамға сенсек, 19-бағыттағы автобус
жүргізушісі аялдамаға тоқтамақ болған. Сол кезде тежегіші істен шығып, ауыр
көлік бір бетімен аунап түскен.
Қазір апаттың нақты себебін полиция анықтап
жатыр. Ішкі істер департаментінің ресми өкілінің айтуынша, жүргізуші 15 тәулікке қамалады
және көлік басқару куәлігінен айрылуы мүмкін. Белгілі
болғанындай, сол сәтте автобуста 23 жолаушы болған.
Апат салдарынан жарақаты
ауыр саналған 13 адам бір мезетте жедел-жәрдем ауруханасына жеткізіліпті. Дерті
ауыр деген алты жолаушы жансақтау бөліміне жатқызылған. Өзгелері алғашқы
дәрігерлік көмектен соң өз аумақтарындағы емханаларға жіберілді. Жарасы
жеңілдері медицина қызметкерлеріне қаралудан бас тартқан.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ