Қауіпті, бірақ тұруға болады!
Оралда бір жақ қабырғасы опырылған тұрғын үйге қатысты, арнайы комиссия осындай
шешім қабылдады.
Естеріңізге салайық, екі апта бұрын қаладағы Жуков
көшесінде орналасқан 15-үйдің қабырғасы қақырады. Оған бірінші қабаттағы
дүкенге жасалған құрылыс жұмыстары себеп. Дүкен қожайыны терезені ауыстырмақ
болған кезде бір жақ қабырға қисайған. Дегенмен комиссия үйді бұзудың қисыны
жоқ деп отыр. 3 пәтерге күрделі жөндеу жасап, қабырғаны нығайту жұмыстарын
жүргізсе болды дейді. Айтуларынша, төменгі екі қабат шөгіп кеткенімен, қалған
пәтерлер зардап шекпеген.
Қайрат Мұқамбетқалиев, Орал қаласы
ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:
Үш пәтер күрделі
жөндеуден өтеді. Өзгелерінің жағдайы қанағаттанарлық. Қазір адамдарға барлық
құнды заттары мен дүние-мүліктерін алып шығуға рұқсат берілді. Сонымен қатар,
үйді күрделі жөндеу жобасы әзірленеді.
Төтенше жағдайдан соң құрылысшылар дүкенге тіреуіш бағаналар орнатып, терезелерді кірпішпен қалап
тастаған. Қазір апатты кіреберіс тастай бекітілген. Тұрғын үй орналасқан
көшедегі көлік қозғалысына шектеу қойылды. Құтқарушылар, асфальттағы қозғалыс
та баспана іргесінің сөгілуіне сеп болады деп түсіндіреді.
Айта кетейік,
пәтерлері сыр берген 12 отбасы туған туыстары мен қонақ үйлерді жағалап жүр.
Олардың өз баспаналарына қашан оралатынын жергілікті билік дөп басып айта алмай
отыр.
Еркін ҚАРИН