Русский Сайттың толық нұсқасы

ШҚО-ның балықшылары шетелге балық өнімдерін экспорттауды бастамақ

  • AstanaTV
  • 09 маусым 2014
  • 2211

Шығыс Қазақстан облысы шетелге балық өнімдерін экспорттауды бастамақ. Зайсан көлінің жағасында орналасқан Күршім мен Тарбағатай ауданының тұрғындары бұл бастаманы қуана қолдады. Тіпті 400 балықшы бірігіп, топтасып жатыр. Енді олар өзен-көлдерде шабақ өсіріп, балық аулау ісін бір жүйеге келтірмек. Балықшылардың ынта-ықыласын аймақтағы тілшіміз Қанат Оралбек көріп қайтқан еді.

Көл жағасында орналасқан Аманат пен Тұғыл ауылдарының тұрғындары қайықтарын қаңтарып қойғалы 10 жылдай уақыт өтті. "Осы кезең аралығында балық ауламадық", - дейді өздері. Ата кәсіптері балықшылық болса да, бұған дейін көлге ау салуға рұқсат болмады. Себебі көпке ортақ кәсіп жеке меншіктің қолында еді. "Тек табысты ойлаған жеке кәсіпкерлер көлдің экологиялық ахуалын нашарлатып, балықтарды құртып бітті",- дейді тұрғындар.

Байбөрі Тілеукенов, «Төре-Тоған» артелінің төрағасы:

Біздің көлден кімдер балық ауламады. Алматы, Өскемен, Астанадан келіп ұсағына дейін сүзіп әкетіп жатты. Жергілікті халық сонда қалай күн көреді деп ойлаған жан болмады. Енді өзіміз артель құрдық.

Топтасқан балықшылар өзара қаражат жиып, керек-жарақтарын сайлап алған. Ескі қайықтарын майлап, ауларын да түгендеп қойыпты. Балықшылар балық аулау ісін заңдастырып алғандарына дән риза.

Ержан Жұмажанов, «Төре-Тоған» артелінің төрағасы:

Бригадамызда 12 адамбыз. Балық аулайтынымызға қуаныштымыз. Отбасымызды асырайтын болдық. Біз енді дайынбыз, өздеріңіз көріп тұрғандай.

Сондай-ақ, балықшылар көл жағасындағы балық зауытының жұмысын жандандыруды көздеп отыр. "Алдағы уақытта Еуропа мен Еуразиялық экономикалық одақ құрамындағы елдерге экспортқа Зайсанның көксеркесі мен табан балығын көптеп жөнелтсек",- дейді.

Асылбек Әділбеков, зауыт директоры:

Еуроодаққа шығу керек. Кедендік одақ қосымша табыс көзін дамытуға тамаша мүмкіндік. Біздің зауытымызда тағы 90-100 жұмыс орыны ашылайын деп тұр. Балық өнімдерін көптеп экспорттаумен айналыспақшымыз.

Жергілікті балықшылар көлді қорғау ісін де мықтап қолға алмақшы. Зайсанның әсіресе шабақтар жіберілетін аумағы күні-түні бақылауда болмақ.

Мәулен Қанатбаев, Зайсан-Ертіс облысаралық бассейнді балық шаруашылығы инспекциясының басшысы:

Көл иелері енді мұнда броконьерлердің заңсыз балық аулауына жол бермейді. Тазалық пен тәртіпті қадағалайтын болады.

Зайсан көлінен балық аулау құқына ие болған тұрғындар келер жылдары мұнда шабақтарды жіберуді көздеп отыр. Сондай-ақ заңсыз балық аулайтын броконьерлермен күресті мықтап қолға алмақ.

Қанат ОРАЛБЕК