Русский Сайттың толық нұсқасы

Былтыр ел игілігіне бөлінген 42 миллиард теңге игерілмей қалған

  • AstanaTV
  • 10 маусым 2014
  • 1785

Соңғы екі жыл ішінде бюджет әкімшілерінің 40 пайызы қазына қаражатының игерілуін қамтамасыз ете алмаған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 43 мемлекеттік орган басшылары жазаланды. Бұл туралы Сенаттағы Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында Қаржы министрі мәлім етті. 

Бақыт Сұлтанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Қаржы министрі:

Барлығы 43 адам жазаланды деген есепте ақпарат бар. Соңғы үш айдың ішінде әр бюджеттік әкімшілермен жұмыс істесек те, соның өзінде игерілмей қалған ақша қалып отыр. Себептері көп. Оның ішінде мемлекеттік сатып алу жүйесінің проблемалары бар.

Еске салсақ, былтыр ел игілігіне бөлінген 42 миллиард теңге игерілмей қалған. "Жылда қайталанатын келеңсіздікке мемлекеттік сатып алу жүйесінің реттелмегені себеп", - дейді министр. Осыған қатысты биыл жаңа заң жобасы қабылдануы мүмкін.

Кейбір өңірлер бөлінген қаржатты ұқсата алмай кері қайтарып жатса, Жаңаөзендегі Мұнай колледжіне, керісінше, ақша бөлінбей қалған. Сенатор Бақтыбай Шелпеков Үкіметтің қаулысымен қабылданған бағдарламаны аяқ-асты еткен мекеме басшысын жауапқа тартуды ұсынды. 

Бақтыбай Шелпеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

2014 жылдың қорытындысын қарағанда Білім министрі осыған жауап беру керек шығар деп ойлаймын. Себебі Үкіметтің қабылдаған бағдарламасын министр орындаған жоқ. Өткенде жұмыс тобында осы сұрақты қойдық. Білім министрлігі Жаңаөзенде екі балабақша салып жатырмыз ғой дейді. Бала-бақша мен колледждің арасында айырмашылық бар ма?

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ