Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облыстық сотының өкілдері Конституциялық кеңеске шағымданды

  • AstanaTV
  • 10 маусым 2014
  • 1203

Қарағанды облыстық сотының өкілдері Конституциялық кеңеске шағымданды. Олар азаматтық кодекстегі нормалардың бірі адам құқығы мен бостандығын шектейді деген ойда. Атап айтсақ, заңдағы 218-баптың алтыншы тармағына сот өкілдерінің көңілі толмайды.

Ол бойынша, мүлікті бөлу кезінде тараптар ымыраға келе алмайтын болса, сот аталмыш мүлікті сатып жіберуге құқылы. Сатылымнан түскен қаражат мүлікке ие азаматтарға тиісінше үлестіріледі. Алайда қарағандылық сот қызметкерлері бұл заңмен келіспейді. Айтуларынша, бұл бап бір мүлік иесінің құқығын екіншісінен жоғары қойып отыр. Сондай-ақ жеке меншікке қол сұқпау жөніндегі заңды өрескел бұзады. 

Жанна Сейдалина, Қарағанды облыстық соты, апелляциялық сот алқасының төрайымы:

Сот тараптарға сұрағанын бере алмайды. Бірақ 6 бөлім арқасында сот шектен шыға алатын болып тұр. Біздің ойымызша, бұл жерде тең құқылық бұзылып отыр. Біз тараптарға тиісті ақшалай өтеуін бере алмаймыз. Сонда олар кімге шағымданады? Мемлекетке. Сәйкесінше билік 25-баптың 2 тармағына сай оларға баспана жайын қарастыруға мәжбүр болады.

Айта өтейік, заң тармағы сөз етілген жиынға заңгерлер, Парламент депутаттары мен ғалымдар қатысты. Дауға нүктені Конституциялық кеңес қояды деп күтілуде.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА