Русский Сайттың толық нұсқасы

Мемлекеттік қызметкерлер жаппай қазақ тілін үйренетін болады

  • AstanaTV
  • 10 маусым 2014
  • 1183

Мемлекеттік қызметкерлер жаппай қазақ тілін үйренетін болады. Енді бұл іске Мәдениет министрлігі білек сыбана кірісетін сыңайлы. Шенеунік атанғысы келетіндер енді «Қазтест» жүйесі арқылы қатаң сыннан өтуі тиіс.

Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осы жаңалықпен бөлісті. Айтуынша, тіл үйрену жыл санап артып келе жатқан тіл орталықтары арқылы жүзеге аспақ. Соңғы 3 жыл ішінде мемлекеттік тілді үйретуді кәсіп көзіне айналдырғандар саны екі есеге артып, орталықтар қатары 130 дан 350-ге жеткен. "Енді саннан сапаға көшетін кез келді", - дейді министр.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет министрі:

Мемлекеттік тілді оқытуға арналған бес деңгейден тұратын оқу-әдістемелік кешен әзірленді. Әзірленген кешен еліміздің барлық аймақтарына, тіл орталықтарының оқытушыларына таратылды. Ендігі кезекте мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілін меңгеруді міндеттеген дұрыс.

Арыстанбек Мұхамедиұлы "Қазақ фильмнің" тағдырына да тоқтала кетті. Жеке кәсіпкерлердің қолына өтетін компанияның келешегіне алаңдаудың қажеті жоқтығын айтты. Бұдан бұрын айтылғандай "Қазақфильм" 100 пайыз жекешелендірілмейді. Иелік құқығының 51 пайызы мемлекет қолында қалмақ. Ал әзір кинокомпанияның қалған 49 пайыз үлесін алам деушілер табылмай отырған көрінеді.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ