Алматыдағы көтерме базарларда
кезекті рет шу шықты. Негізінен киім-кешек тауарлары саудаланатын «Глория»
базарын сот орындаушылары сүріп тастады. "Тұтқиылдан тап болған
тексерушілердің нақты бүгін келерін білген жоқпыз", - дейді саудагерлер. Қамсыз
отырған базар сатушылары мемлекеттік сот актілерін орындаушыларға қанша
қарсылық танытқанымен, қиратулар жалғаса берді.
Бізге ескертпестен келді. Әдеттегідей шыққан едік жұмысқа. Басшыларымыз да
айтпады.
Күндегідей шығып жұмысымызды істеп жаттық. Базар әкімшілігі негізі
бұл жер заңды менің жеке меншігім, жұмыс жасай беріңдер деген соң, саудамызды жаймен жасап жатқанбыз.
Айта кетейік, көтерме сауда
орындарының 15-і қызыл сызықтың үстіне түскендіктен, оларды сүріп тастау
жөнінде сот шешімі шыққан. Соның арасында «Глория» әмбебап сауда кешені де бар.
Базарды былтыр төтенше жағдайлар қызметі өрт қауіпсіздігі ережелерін
орындамағаны үшін бірнеше рет сотқа берді. Ақыры оны түгелдей жабу туралы сот
шешімі шыққан.
Жақында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы базарларды қиратуды тоқтату
керек деген бастама көтерген еді. Себебі, бұл мекемеге соңғы уақыттары
сауда-саттықпен айналысатын кәсіпкерлерден түскен шағымдар көбейіп кеткен.
Сондықтан, палатаның басқарма төрағасы базарларды бұзуға уақытша мораторий
жариялау керек деген ұсыныс білдірген. Айта кетейік, Алматы қаласының әкімдігі
шаһардағы 74 базардың 34-ін тиісті талаптарға сай келмейді деп жабуға шешім
қабылдаған.
Рахым Орымбаев, Алматы қалалық
сот актілерін орындау департаментінің маманы:
Базар басшысы өз еркімен сот
шешімін орындауға асығар емес. Негізі, біз келіп он күн бұрын оған жазбаша
ескерткенбіз. Сосын осылай мәжбүрлі түрде орындауға көштік. Базар әкімшілігі, керісінше, елді үгіттеп, менің жерім отыра беріңдер деп айтады екен.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ