Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанай тұрғындары электр қуатының шамадан тыс артуынан тұрмыстық техникасыз қалды

  • AstanaTV
  • 11 маусым 2014
  • 1657

Қостанайда тұтас бір көшенің тұрғындары бір сәтте тұрмыстық техникасыз қалды. Кеше кешкісін электр қуаты шамадан тыс артып кеткендіктен тоңазытқыш, теледидар, компьютер атаулы түгел күйіп кеткен. Ашынған жұрт енді жарық таратушы мекеме істен шыққан техникалардың құнын қайтарсын деп отыр.

Электр қуатының шамадан тыс берілуі Мария әжейдің үйіндегі тоңазытқышты істен шығарды. Ай сайынғы зейнетақым арбаға таңылған жұбайымның дәрі-дәрмегінен аспайды. Енді тұрмыстық техниканы қай қаражатыма аламын деген қарт ана ашулы.

Мария Никитина:

Өте қиын болып тұр. Үйде науқас адам жатыр. Оған салқын сусын, тамақты суытып беріп отыру керек. Аптап ыстықта тамақты қайда сақтарымды білмей абыржып қалдым.

Жамбыл көшесіндегі үйлерге электр қуаты соңғы кездері аз беріліп келген. «Әлсіз жанған жарықтың қуаты бірден артып кеткен кезде тұрмыстық техникамыз түгел түтіндей жөнелді», - дейді тұрғындар.

Елена Соколова:

Бұл жағдай отбасылық бюджетті ойсыратып кетті. Осыны ойлаймын деп басым қатты. Істен шыққан техниканың бәрін қайта сатып алу үшін қаражатты қайдан аларымды білмейін. Кімнің кінәсі екені де беймәлім.

Ал жарық таратушы мекеме өкілдері арнайы комиссия құрып, желінің техникалық ахуалын тексеріп жатқан көрінеді. Бірақ басшылары сұхбат беруден бас тартты. Тек телефон арқылы қысқа-нұсқа жауап қайырды.

Федор Вовченко, Қостанай қалалық электр желісі диспетчерлік қызмет бөлімінің бастығы:

Қуаттың артып кеткені жайлы тұрғындардан өтінім түсті. Бірақ, әзірге себеп-салдары анықталған жоқ. Бүгін таңертең арнайы комиссия құрылып, желінің техникалық ахуалын тексеру туралы ұйғарым болды. Нәтижесі әлі белгісіз.

Тұрғындар нақты шығынды есептемеген. Айтуларынша, тұрмыстық техникалары күйіп кеткен үйлер саны 20-дан асады. Қостанайлық заңгер Дәурен Рахаделов зардап шегуші тарап қол қусырып отырмауы тиіс дейді.

Дәурен Рахаделов, «Партнер» заңгерлік агенттігінің өкілі:

Тұрғындар себепті анықтау үшін қалалық электр желісінің басшылығына арыз жазу керек. Сотқа да жүгіне алады. Бірақ, олар келтірілген зардаптың нақты көлемін есептеп, тұрмыстық техниканың қандай себеппен істен шыққаны туралы техникалық тұжырымдама алуы керек.

Қалалық электр торабының басшылығы тұрғындардың арызы қаралады деп уәде етіп отыр. Алайда осыған ұқсас оқиғалар бұрын да бірнеше рет болған. Тек ешкімге өтемақы төленбепті. Осыған қарағанда, тұрғындардың сотқа жүгінуі де ғажап емес секілді.

Заңғар САНАЙ