Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандағы ЖОО-ның түлектері ЕАЭО елдерінде жұмыс істей алады

  • AstanaTV
  • 11 маусым 2014
  • 1209

Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарының түлектері Еуразиялық одақ елдерінің еңбек нарығында емін-еркін жұмыс істей алады. Бұл жөнінде бүгін Назарбаев университеті қабырғасында өтіп жатқан жоғарғы білім көшбасшыларының үшінші Еуразиялық форумында айтылды.

30 елден 700-ге жуық делегат қатысқан халықаралық жиында әлемдік білім беру жүйесін жетілдіру жолдары талқыланды. Одаққа мүше Беларусь елі білім министрінің айтуынша, интеграция үш елдегі университеттерге маман дайындау бойынша ауқымды талап қойып отыр. Мәселен, қазақстандық жас маманның Ресей немесе Беларусьта сұранысқа ие болуы оның білімі мен білігіне тікелей байланысты болмақ.

Сергей Маскевич, Беларусь республикасының білім министрі:

Одақ өзге елдерде қызмет етудің бірегей мүмкіндігі. Егер де сіз қазақстандық білім ордасын тәмамдасаңыз, Беларусьқа келіп, мамандығыңыз бойынша қызметке орналаса аласыз. Біздің еңбек нарығымыз ортақ. Бұл мәселе халықаралық құжатта нақты белгіленген.

Демек, отандық диплом шет елдік құжаттан еш кем емес. Қатаң бәсеке жағдайына төтеп беру жолында еліміздің білім беру жүйесі де бірқатар реформаларды талап етеді. Алайда нақты қандай шаралар мен жаңалықтар қолданатынымыз белгісіз немесе құпия. Елдің "бас ұстазы" Сәрінжіпов мырза қалай болғанда да, бұл жолда күш-жігеріміз бен қаражатымызды аяп қалмаймыз деп түйді.

Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Біздің университеттеріміздің бәсекелестік қабілеті өсу керек. Сол үшін Үкімет тарапынан, министрлік тарапынан барлық жағдайларды жасауға мүдделіміз.

"Алдағы жылдары елімізде Оксфорд, Кембридж сынды әлемдегі үздік университеттерден кем түспейтін 10 табысты оқу ордасын құру тапсырмасы тұр", - дейді министр.

Дәстүрлі басқосу тағы бір күнге созылады. Ертең қорытындыланатын форумның нәтижелері Томсон Рейтерс ғылыми базасына енбек. Бұл жинақ қоғамның барлық салаларының озық идеялары мен талдамалы ақпараттары топтастырылған ортақ медиа кеңістік болып саналады.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ