Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорданың көп қабатты үйлері түгелдей ыстық суға қосылады

  • AstanaTV
  • 12 маусым 2014
  • 2054

Алдағы қыста қызылордалықтар ыстық суға қарқ болатын түрі бар. Қаланы жылумен қамтитын жүйеге жаңғырту жұмыстары жасалып, көп қабатты үйлер түгелдей ыстық суға қосылады. Іргелі жобаны Еуропалық қайта құру және Даму банкі қаржыландырмақ. Аймақтағы тілшіміз Шарипа Сақтапова тарқатады.

Ғани Бекмамбетов:

Біз енді үйде аристон қолданамыз, электричествоны пайдаланамыз, расход көп. Мынау модернизация жасап жатыр, соған қосып жіберсе - құп дер едік.

Қызылорда тұрғындарының суды жылытып пайдалануға еті үйренгелі қашан. Шамасы жеткендері арнайы құрылғылар орнатып алған. Бұл электр шығынын ұлғайтады. Пилоттық жоба ретінде жуырда шаһардың екі көпқабатты үйіне бойлер орнатылып, ыстық су жіберілген. Оның нәтижесі бойынша, мамандар қаланы толықтай ыстық сумен қамтамасыз етуге қанша қаржы кететінін есептеді.

Асқар Бекпағанбетов, «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК басшысы:

Ыстық суды бір орталықтан үйлерге жеткізсек әр отбасы екі мың теңге үнемдейді. Ыстық сумен қамту бағдарламасына кедергі болып тұрған мәселе техникалық экономикалық негіздеменің дайын болмауы. Бірақ жұмыс жақын арада жалғасады. Әкімшілік осындай бойлерлерді орнатуға 200 миллион теңге бөлуді жоспарлап отыр.

Жоба жүзеге асса, су жылытатын кондырғылар пәтерлерден сарай мен гараждарға көшуі мүмкін. Қаланы жылумен қамтуға Еуропалық қайта құру және даму банкі қолдау көрсетпек. Облыс басшысының қабылдауында болған банк жетекшісі жылу жүйесін жаңғырту мен ыстық сумен қамтуға қаражат бөлетін болып уағдаласты.

Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:

Үйлерінде ыстық суы жоқ жалғыз аймақ - Қызылорда. Келісімге қол қойылып, Еуропалық банктің қолдауымен біз жылу беру жүйесін жаңғыртуды бастаймыз. Бастысы Қызылордалықтар 21 ғасырда өмір сүріп жатқандарын сезінеді.

Сума Чакрабарти, Еуропалық қайта құру және Даму банкінің президенті:

Біз су, жылу беру жүйелерін жаңғырту жобаларының концепциясын осы уақытта қарап жатырмыз. Жалпы, Қызылорда облысын Қазақстанмен қарым-қатынастығымызда өзіміздің стратегиялық серіктестігіміз ретінде қабылдаймыз.

Шаһардағы бір жарым мыңдай тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз ететін орталық жарты ғасыр бұрын іске қосылған. Жүйе толықтай ескіргендіктен сырттағы құбырларды қабаттауға жыл сайын қыруар қаржы бөлінеді.

Шарипа САҚТАПОВА