Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматының Әйгерім-2 ықшам ауданында мыңға жуық отбасы ауыз судан қағылды

  • AstanaTV
  • 13 маусым 2014
  • 2215

Алматының Әйгерім-2 ықшам ауданында мыңға жуық отбасы ауыз судан қағылды. Жаздың аптап ыстығында суға жарымаған жұрт тіршілік нәрін жалғыз құдықтан таласып ішуге мәжбүр. Тақырыпты толығырақ алматылық әріптесім Маржан Серікқызы баяндап берсін.

Ұлардай шулаған бұл жұртты судан ажыратқан жергілікті коммуналдық қызмет басшылығы. Себебі бұл аудан тұрғындары Алматы су холдингінің еншісіндегі "Бастау" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына 2 миллион теңге берешек. Дегенмен, тіршілік нәрінен ажырағандар қатарында тиісті төлемді уақытылы өтеп отырғандар да бар.

Мақатай Бақөбекұлы:

Су қашан болады, су қашан болады деп шаршадық. Міне екі күн беріп бір күн бермейді. Сөйтіп кешеден бері бір апта болды. Елдер ауырып жатыр. Басқа келетін источник жоқ бізде. Оны сатып алып қашанғы үлгересің. 

Белгілі болғандай, коммуналдық қызметке уақытылы төлемейтін 200 үйдің кесірінен бүтіндей ауыл судан ажыратылған. Ал жергілікті кооператив басшылығы борышкерлермен күресті тоқтатып, қара тізім жариялауды жөн көріпті.

Ольга Лиличева, «Виктория Хауз» тұтынушылар кооперативінің басшысы:

Біз борышкерлердің кесірінен «Бастауға» қомақты ақша қарыз болып тұрмыз. Міне көріп тұрсыздар ғой, төлем жүргізбейтін 240 отбасы бар осы ауданда. Оларға барсақ, біз үйдің қожайыны емеспіз деп шығарып салады. Ал біз оларды қайда барып іздейміз сонда?

Дегенмен, кооператив басшылығы суды қарыздың 50 пайызы төленген кезде ғана қосамыз дейді. Себебі тұрғындардың құрғақ уәдесіне сеніп, аудан қарызға белшесінен батқан.

Қуанышкелді Базылов, «БАСТАУ» МКК бас директоры:

«Виктория Хаус» өз тарапынан ешқандай әрекет жасаған жоқ. Суды қосыңдар деген талап қойып отыр. Дегенмен, біз қарыздың қандай да бір бөлігі төленген жағдайда ғана суды қосуға дайынбыз.

Мұнымен келіспеген наразы топ мәселемізді шешіп берер деген үмітпен жергілікті әкімдікке бет бұрды. Айтуыларынша, орын алған жағдайдан жергілікті атқа мінерлер де хабардар.

Ертіс Бесілов, Алатау аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:

Ол мәселе бойынша қазір аудан әкімшілігі тарапынан водоканал "Бастауға" кепілдеме бойынша шығып жатырмыз. Бүгін тұрғындарға ауыз суды беріледі.

Тұрғындар алдағы күндері орын алған жағдайдың себептерін анықтау мақсатында прокуратураға шағымданбақ. Ал коммуналдық кәсіпорын мен кооператив басшылығы борышкерлерден қарызды өндірудің басқа амалын таба алмай отыр.

Маржан СЕРІКҚЫЗЫ