Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыдағы әйгілі Республика сарайы қалай жекешеленбек?

  • AstanaTV
  • 13 маусым 2014
  • 2742

Жекешелендірудің екінші науқаны туралы ақпарат жария болғанымен, оның жүзеге асырылу тетіктері қарапайым халық үшін түсініксіз күйінде қалды. Мұндай пәрмен жоғарыдан келгендіктен, аймақтардағы атқарушы билік өкілдері де қоғам арасындағы түсіндіру жұмыстарына селқос қарап отыр.

Алматыда осы науқан барысында 100-ден астам нысан жекеменшікке берілмек. Біздің тілшілер тізімге енген мекемелердің біразына бас сұғып мән-жәйді білмекке талпынған. Алайда мұндай ірі ғимараттарды басқарып отырған мемлекеттік менеджерлер де тұщымды ақпарат бере алмады. Жалпы жекешелендіру кімге не береді? Қоғамдық ұйым өкілдерінің пікірі қандай? Ришат Асқарбекұлы сабақтайды.

Алматыдағы Республика сарайы қала үшін ғана емес мемлекеттік маңызы бар ерекше нысан. Бір мезетте 2700 адамды сыйдыратын концерт залы қалалық әкімдіктің иелігінде. Бірегей ғимарат 2 жыл бұрын күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне қайта берілді. Қаспетінен бастап ішкі дыбыс жүйесіне дейін жаңартылған сарайға ел бюджетінен 14 млрд теңге жұмсалған.

Әсел Селеубаева, Республика сарайының концерт ұйымдастыру бөлімінің маманы:

Республика сарайының жаңғырту кезінен бастап, жаңа мамандар келіп осында жұмыс жасап, небір жұмыстарды өткердік. Сондықтан мынау Республика сарайының қазіргі маңыздылығы өте зор. Әншілерге де, көремендерге де маңыздылығы өте зор.

Әншілер мен көрермен үшін таптырмас өнер ордасы жекешеленетін нысандардың тізімін бастап тұр. Концерт залын жалға беру құны 3,5-нан 5 млн теңге аралығында. "Мекеме басшылығы қазір осы қаражат есебінен шығындарды жауып отырмыз", - дейді. Қысқасы, ірі кәсіпкерлерге мемлекет меншігінен үлес беру қажет. Мұндай пікірді қолдайтындар да аз емес. Яғни ел қазынасынан дотация алып, «масыл» болған кәсіпорындары жекеменшік секторға берудің уақыты туды.

Бөріхан Нұрмұхамед, саясаттанушы:

Қазір мемлекет тарапынан шығын деген көбейіп кетті. Қажеті де бар, қажет емесі де бар. Егер олар жекеменшік қолында болса, мемлекеттің қаражатынан ақша жаратылмайды ма деген ой келеді.

Жалпы кез келген кәсіпкердің көздейтіні біреу. Ол - табыс. Егер бизнесмен коммерциялық мақсатты көздесе, меншігіндегі дүниемен не істесе де өз еркінде. Сондықтан жекеге өткен мәдениет ошақтарын дәмхана мен өзге де сауда орындарына айналып кетуден сақтау қажет дейді, сарапшылар. 

Айдар Әлібаев, қаржыгер:

Жекешелендіруге жататын нысандардың қатарында әлеуметтік нысандар жеткілікті. Яғни ондай мекемелердің инфрақұрылымымен жергілікті әкімдіктер айналысуы тиіс. Яғни бұл шенеуніктердің айналысатын шаруасы болуы керек. Жекеменшікке алған адам оның құбырын ауыстырып, қайта жөндеуден өткізеді дегенге сен қиын. Жеке кәсіпкерлер тек қаражат табатын жағын ғана ойлайды.

Үкімет Алматыдағы Республика сарайы мен мемлекеттік цирктің де жекешеленетінін жариялағанымен, қала әкімдігі бұл тарихи нысандарды жекеге бергісі келмейді. Қалалық мәдениет басқармасы Үкіметке хат жолдап, осы екі ғимаратты әкімдіктің қарауында қалдыруды сұрамақ. Себебі олар мемлекеттің қорғауындағы мәдениет ескерткіштері.

Қайрат Құлбаев, Алматы қаласы мәдениет басқармасының бастығы:

Біз өзіміздің позициямызды айтып, осы мәселемен тікелей айналысып жатқан қалалық қаржы басқармасына жолдадық. Олар өз кезегінде Алматы қаласы әкімдігінің атынан Үкімет басшысының атына хат дайындап, жақын күндері мәселені төтесінен қояды. Біз Республика сарайы мен мемлекеттік цирктің жекеге берілуіне қарсымыз.

Республика бойынша барлығы 782 мекеме жекешелендіріледі. Президенттің пәрменімен бұл ғимараттардың барлығы 2 жыл ішінде жеке секторға берілуі керек. Олар халықтың IPO бойынша және бәссауда арқылы сатылады деп жоспарланып отыр. Жекешелендіруге орныққан ірі компаниялар қатыстырылады. Тәуекелділіктің алдын алу үшін оларға талап та күшті болады және және келісімшартпен нақты міндеттер белгіленеді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ