Шымкентте теңдесі жоқ, еңселі мешіт бой көтеретін болды. Бір мезетте 8 мың
адам мінәжат ете алатын Алла үйі заманауи құрылғыларымен қамтылады. Имандылық
үйінің капсуласы салтанатты түрде салынды.
Шымкент қаласының жаңа
әкімшілік-іскерлік орталығында бой көтеретін еңселі мешіт жайлылығымен және
жаңашылдығымен ерекшеленеді. Бір уақытта сегіз мың адам Аллаға құлшылық етуге
мүмкіндік беретін ғибадатханада әйелдерге арналған орын да кең. Бір мың
қыз-келіншек намазға жығыла алады. Барша мұсылман үшін қасиетті Ораза айының
алдында құрылысы басталып отырған нысан 2016 жылы қасиетті Рамазан айында ел
игілігіне тапсырылатын болады.
Аумағы 10 гектар жерді қамтитын ғибадатханада
көп деңгейлі паркинг, эскалатор жұмыс істейді. Мешіттің бір ерекшелігі, күннен
қуат алатын құрылғылар қойылады. Ішкі желдеткіш жүйесі Қожа Ахмет Яссауи
кесенесінің технологиясы бойынша шешіледі дейді сәулетшілер. Заманауи үлгідегі
мешітте конгресс холл, неке сарайы, исламдық білім беру орталығы, кітапхана,
фитнес залдары салынады. Тағы бір артықшылығы, мешіт алдындағы бес мыңнан астам
адамға есептелінген алаңда жамағатты күннен, жауын-шашыннан қорғау үшін шатыр
болып ашылатын жүйе қойылады.
Мұхамеджан Естеміров, Оңтүстік Қазақстан облысы имамының орынбасары:
Бұл мешіт жанынан қайырымдылық асхана ашылатын болады үлкен көлемде. Бұндай
бізде өте тапшы болатын. Сондай-ақ, бұл мешіт жеке кәсіпкер азаматтардың
есебінен соғылып жатқан жағдайы бар. Бұл мешіттің үлкен болу себебі біздің
қаламызға көптеген елді мекендер қосылып жатқан жағдайы бар. Жақында халық саны 1
миллионнан асады. Сол себептен бұл мешіттің сол кезде алатын орны жоғары деп
есептейміз.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ