Украина Ресей газының тасымалын шектеуге дайын. Бұл туралы
елдің энергетика министрі Юрий Продан жексенбі күні мәлімдеді.
Айтуынша, Украинада 13,5 миллиард текше метр
көгілдір отынның қоры бар. Сонымен қатар, бұл ел Еуропадан газ
тасымалын жандандыру арқылы көгілдір отын мәселесін шешуді қарастырып жатыр.
Бұдан бұрын Ресей тарапының қатысуымен өткен үш жақты келіссөздер нәтиже
бермеді.
«Газпром» айтқанынан қайтпайтын тәрізді. Олар «Нафтогаз» 1 миллиард
950 миллион доллар берешегін есепшотқа аудармайынша, газ тасымалы жөнінде
әңгіме болмайды дейді. Сондай-ақ, «Нафтогаз»
өз кезегінде Стокгольм сотынан Ресеймен екі арадағы газ келісімін қайта қарау
жөнінде төрелік сұрамақ.
Андрей Коболев,
«Нафтогаз Украины» ҰАК басқармасының төрағасы:
Белгіленген бағаның Украинаға мүлдем тиімсіз екені анық және Украина оны
төлемейді.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ