Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодардың «Ертіс» футбол клубының басшыларын соққыға жықты деп күдікке ілінгендер құрықталды

  • AstanaTV
  • 16 маусым 2014
  • 828

Павлодарда «Ертіс» футбол клубының басшыларын соққыға жықты деп күдікке ілінгендер құрықталды. Облыстық ішкі істер департаментінің ақпаратына сәйкес, олар 4 адам болған. Біреуі ұйымдастырушы, қалғаны сыбайластары.

Кезекті ойыннан үйіне оралған «Ертіс» футбол клубының бас директоры Хәлімжан Ержанов пен техникалық директор Болат Ысқақовқа қастандық жасалғанын бұған дейін айтқан болатынбыз. 18-ші мамырда болған оқыс оқиғадан соң Ысқақов дене жарақатымен ауруханаға түсті. Оның бас сүйегіне ота жасалды. Әу-баста полицейлер «бұзақылық» фактісі бойынша іс қозғаған.

Алайда, тергеу барысында бұл бап өзгертіліп, "қасақана дене жарақатын салу" фактісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Клуб жетекшілері екі адамның болғанын көрген. Тек олар бетперде кигендіктен нақты ақпарат бере алмаған еді. Сондықтан, тәртіп сақшылары жұмыстың қиындағанын жасырмайды. Дегенмен, жұмылған істің нәтижесінде күдіктілер қолға түсті. Төртеуі де Павлодар тұрғыны.

Сұлтан Құсетов, Павлодар облыстық ІІД басшысы:

Бұл істің ұйымдастырушысы қолға түсті. Тергеу барысында тағы үш сыбайласы анықталды. Жас шамасы 28-30-дың аралығында. Төртеуі де уақытша қамау изоляторына тоғытылды. Бұл қылмысты не үшін жасағандығы әлі анықталған жоқ. Оны тергеу барысы көрсетпек.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ