Русский Сайттың толық нұсқасы

Шығыс Қазақстан облысында жерлестер форумы өтті

  • AstanaTV
  • 16 маусым 2014
  • 1322

Шығыста туып шыңға шыққан азаматтар туған жерде бас қосты. Шығыс Қазақстан облысында жерлестер форумы өтті. Осы өңірде кіндік қаны тамып, қазір еліміздің, жер жаһанның әр түкпірінде жүрген белгілі тұлғалар туған жерге тағзым етті. Бұндай жоба елімізде алғаш рет Шығыс Қазақстанда іске асып отыр.

Игі шараға берісі еліміздің түкпір-түкпірінен, арысы көрші Ресейден жетпістен астам жерлесіміз жиналды. Форум барысында олармен жалпы құны 6,5 млрд. теңгеден асатын 36 инвестициялық жобаны жүзеге асыруға келісім жасалды.

Атап айтар болсақ, форумға Ресей Федерациясы білім және ғылым, мәдениет және ақпараттық саясат жөніндегі комитетінің төрайымы Зинаида Драгункина, Парламент Сенатының депутаты, қоғам қайраткері Бірғаным Әйтімова, академик, генерал-майор Тоқтархан Нұрахметов, Ресейдің Петербор қаласында тұратын белгілі опера әншісі, халықаралық байқаулардың лауреаты Әлия Кикенова сынды шығыс қазақстандықтар жиылды.

Бердібек Сапарбаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Біздің форумға тек біздің мемлекеттен емес, көршілес елдерден де қонақтардың келуі оның маңыздылығын көрсетеді. Кәсіпкерлер, кәсіпорын басшылары, қоғам қайраткерлері келіп отыр. Бұл сіздердің отандарыңызға деген сүйіспеншіліктеріңізді көрсетеді.

Мәртебелі меймандар қаланың орталық алаңында тұрған ұлт ұстазы Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, хәкім рухына тағзым етті. Ертістің сол жағалауындағы мұнаралары биікке ұмтылған облыстық мешітке ат басын тіреп, құран оқытты. Жекпе-жек сарайы, Ольга Рыпакова атындағы Жеңіл атлетика орталығы, суда жүзу бассейні сияқты жаңадан іске қосылған бірнеше заманауи нысан шоғырланған спорттық кластерді аралап көрді. «Алтай» технопаркіне жоспарланған форумның пленарлық отырысында көпшілік назарына «Туған жерге - тағзым», «Туған ел - алтын бесігім», «Мейірім» акцияларының және «Еңбек биржасы», «Түлек.kz», «Жастар қалашығы» тәрізді еліміздің басқа өңірлерінде жоқ бірегей жобалардың таныстырылымы ұсынылды.

Зинаида Драгункина, РФ Білім және ғылым, Мәдениет және ақпараттық саясат жөніндегі комитетінің төрайымы:

Мен халыққа көмек көрсету орталығын басқарып келе жатқаныма 21 жыл болды. Әр елде филиалды ашуға қорқамын. Ашып қойып бастама аяқсыз қалады. Ал Шығыс Қазақстанда біздің қайырымдылық филиалы қарқынды жұмыс істеп тұр. Себебі, Шығыс қашанда жаңашылдық пен жақсылықтың жаршысы. Қазір бізге таныстырған бастамалардың өзі соған дәлел.

Форум нәтижесінде жерлестермен жалпы сомасы 6,5 млрд. теңгені құрайтын 36 инвестжобаға қол қойылды. Олардың ішіндегі қомақты инвестиция салынатын ірі жобалар бар. Айталық, Семейде салынатын спорттық-сауықтыру кешенінің құны 1 млрд. 260 млн. теңгені құрайды. Түйемойнақ аралында 50 млн теңгеге туристік демалыс аймағы салынбақ. Ең қызығы, Зайсан ауданында іске асатын 10 млн теңгенің жобасы. Ол Прежевальский жылқысын өсіру қолға алынбақ.

Пленарлық отырыстың соңын ала Риддердің тумасы Зинаида Драгункина өңірдегі балалар үйінің 10 тәрбиеленушісіне Анапа қаласының «Русь» шипажайына жазғы демалыстарын өткізу үшін жолдама-сертификаттар табыс етті. Форумға жиылған қонақтар қайырымды істерін әлі де жалғастыруға дайын.

Қанат ОРАЛБЕК