Русский Сайттың толық нұсқасы

Бизнеске кедергілер айтарлықтай азайды

  • AstanaTV
  • 16 маусым 2014
  • 1219

Бизнеске кедергілер айтарлықтай азайды. Бас прокуратура және қаржы полициясы секілді құзырлы органдармен арадағы уағдаластықтың арқасында осындай оң өзгеріске қол жетіп отыр.

Оралға іс сапармен келген Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев осыны мәлімдеді. Аймақтағы кәсіпорындардың жұмысымен танысқан төраға жергілікті бизнес-қауымдастықтың басын қосты.

Отырыста кәсіпкерлерге өріс ашатын қадамды нығайту шараларын аймақтарда да жүргізу қажеттігі айтылды. Болашақта шағын-орта бизнес иелерін тексеруді тоқтатып, оның орнын жеңілдетілген шаралармен алмастыру көзделіп отыр деді Құлыбаев. Бизнес пен билік күш біріктіріп, ортақ іске даму институттары да ат салысуы тиіс екенін баса айтты. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аймақтық өкілдіктерінің бұған қосар үлесі сүбелі. Сонымен қатар жер телімдерін беру, ауыл кәсіпкерлерін несиелендіру, құжат рәсімдеуді жеңілдету, қала берді мамандарды оқыту ісі де ұмыт қалмауы керек екендігі сөз болды. 

Тимур Құлыбаев, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы:

Саладағы басты мәселелердің бірі ретінде мемлекеттік сатып алу ісін айтуға болады. Бұл батыс өңір үшін өзекті мәселе. Өйткені мұнда жер қойнауын игерушілер бар. Республикалық деңгейде мемлекеттік сатып алу мен оған жер қойнауын пайдаланушылардың қатысуы тетіктерін реттеп жатырмыз. Бұл үшін кәсіпкерлер жаңа өндіріс ошақтарының жұмысын жолға қоюы керек.

Еркін ҚАРИН