Каспий теңізінде қалыптасқан қауіптің беті қайтты. Теңіз суының деңгейі
көтеріліп, Атырау облысындағы 6 елді мекенді су шаю қаупі төнгені туралы бұған
дейін хабарлаған едік. Жергілікті гидрометеорологиялық қызмет демалыс күндері
Пешной кентінде теңіз суының деңгейі 128 см-дейін көтеріледі деп ескерткен.
Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, жағалауларға қосымша бекіту жұмыстары
жүргізілді. Абырой болғанда, су деңгейі 111 см-ден асқан жоқ. Атырау өңірінен
Базаргүл Нәдірқызы баяндайды.
Бұл - Дамбы селолық округы. Теңіз суының көтерілу қаупі төнген Пешной
кентінен небәрі 7 шақырым қашықтықта жатыр. Бес жүзден астам түтіні бар ауыл
халқы әр жылдары судың көтерілуін өз көздерімен көріп келеді. Сондықтан
ескертуді естігенімен, үдере көшкен ешкім болмаған.
Мәкира Ғаббасова, Дамбы селолық округінің тұрғыны:
Қайда барамыз. Кімнің үйіне сыямыз. 10 шақты жан. Кетсек осы жерден
кетеміз. Кетпесек отырамыз. Айтты әзірленіп отырыңдар деді. Әй мейлі, 1990
жылдары да отырдық қой.
Каспий теңізі гидрометеорологиялық зерттеу басқармасы, ауа-райын
болжаушыларға теңіз суының 40 см-ге көтеріліп, 128-см-ге жету мүмкіндігін
ескерткен. Осыған орай аймақта шұғыл жиын өтіп, жедел қауіпсіздік іс-шаралары
қолға алынды. Ауа райын болжаушылар теңіз суы 120 см-ге жетсе 5 шақырым жағалауды
су шаюы мүмкін деді.
Ұзақбай Байзуллин, Дамбы селолық округінің әкімі:
Хабарландырулар берілді. Мүгедек, ауру адамдарды оқшаулау жұмыстары
жүргізілді. Сондай-ақ орта мектеп пен балабақшаның екінші қатары оқшаулау
орындары ретінде жасақталды.
Исатай ауданына қарасты екі ауыл мен Атырау қаласы маңындағы 4 елді-мекенде
барлығы 22 мың халық тұрады. Ондаған шаруашылық пен 500-ге жуық мұнай
ұңғымасына су шаю қаупі төнді. Сондықтан бірінші кезекте сыр берген жағалаулар
бақылауға алынды.
Біз Дамбы селолық округының ең қауіпті аумағында тұрмыз. Жағалауда 10 метр
қашықтықта тұрғын үйлер орналасқан. Өткен ғасырдың 90 жылдары салынған құм
бөгеттен қауіп мол. Сондықтан, жыл сайын нығайтып отыруға тура келеді. Тек соңғы
екі күннің үшінде 80 метр аумаққа 100 тоннадан астам топырақ төгілді.
Марат Құрманов, Атырау облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
Исатай ауданында 2 мың шақырымнан астам дамба бекітілді. Пешной кентінде
1800 метр дамба және қала маңындағы 300 метр жаңалау нығайды. Адамдарды
оқшаулайтын орындар белгіленіп, тасымалдайтын 89 автобус бөлінді. 300 мың бос
қап пен топырақ алынатын карьер дайындалды. Бір сөзбен айтқанда, толық дайын
болдық. Бірақ болжам дәлелденген жоқ. Неопрадалис 15 маусым 111 см болды,
128-ге жектен жоқ. Қазір 107 см.
Төтенше жағдай мамандарын әбігерге салған - оңтүстік батыстан соққан күшті
жел. Секундына 15-20 метр жылдамдықпен соққан желдің салдарынан теңіз суының
деңгейі көтерілген.
Валентина Похорская, инженер–гидролог:
Бүгін түнде ең жоғары деңгей 109 см болды. 128 см-ге жеткен жоқ. Өйткені, желдің бағыты ауысты. Бұл желдің көтерілуімен байланысты. Оңтүстік-батыстан
соққан жел сенбі күні басталып, 2 тәулік бойы толастамады. Бүгін түнде ол
батысқа ауысты. Сондықтан су деңгейі де біртіндеп түсіп жатыр.
Қазір қауіп сейіліп, жағдай тұрақталды. Жағалаудағы қарбалас та тоқтап,
кезекшілік алынып тасталды. Ауа-райын болжаушылар алдағы күндері аймақта жел
жылдамдығы артпайды деп сендірді.
Базаргүл ІЗІМОВА