Шымкентте құбыр желісі жарылып, бірнеше үйдің жертөлесі мен ауласы суға
толды. Асфальтталған жолды жарып шыққан 500 диаметрлік құбыр жылу беруші
мекемеге тиесілі. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұндай оқыс жағдай осымен
төртінші рет қайталанып отыр. Оқиға орнынан Айзада Төребекқызы толығырақ
баяндайды.
Бұл кадрларды жергілікті тұрғындар түсіріп алған. Алып құбырдағы су
қысымының күштілігі сонша, 7-8 метр биіктікке атқылапты. Әп-сәтте көшені су
шайып, тұрғын үйлердің ауласына лап қойған. Ең көп зардап шеккен Юрий
Дубовскойдың шаңырағы. Ауласында әлі де су көлкіп жатыр.
Юрий Дубовской:
Азық-түлік суда қалқып жүрді.
Табиғат апатынан аман өтіп едік, 3- энерго орталықтағылардың қолдан жасап
берген тасқынының салдарынан отырысымыз мынау. Көмекке ешкім келген жоқ.
Жарылған құбырдан атқылаған су алты үйге қауіп төндірді. Ауладағы су
деңгейі 40 сантимерге дейін көтерілген. Тұрғындар суды өз күшімен шығарып әлек.
Айтуларынша соңғы екі жылда мұндай жағдаймен төртінші рет бетпе бет келіп отыр.
Тахмина Анарметова "онсыз да жертөлені кептіре алмай отырғанда тағы суда қалдым"
деп, күйінеді. Бөлме ішіндегі су жарты метрге жеткен. Қабырғада қалған мына
іздер соның айғағы.
Сырость полностью. А стена
даже не держится, падает вот. Все это от зимы. Мокрое сейчас. Здесь полная
вода была.
Тұрғындар баспана құлай ма деп қауіптенеді. Жылу орталығына тиесілі жуан
құбыр осы үйлердің тап түбінен өтеді.
Марина Дубовская:
Қыстың күні 22 градус аязда бір аптада екі рет жарылды құбыр. Шығынымызды
кім өтеп береді біздің. Шағымданғанымызбен нәтиже болған емес. Сотқа беремін
енді.
Тахмина Анарметова:
Қыста да осылай суда қалдық. Айналаның бәрі бу болып, түк көрінбей
қалды сол кезде. Үйімізден ызаның иісі шығады. Ал бүгін жертөлені былай
қойғанда әжетханаға дейін судың астында қалды.
Оқиға орнына жеткен жауаптылардың сөзіне сенсек, жарылыс қысқа дайындық
жүргізу барысында жасалған жоспарлы сығымдау кезінде болған. Жер астындағы
құбырларға кемі отыз жыл болған, бүгінде тозығы жеткенін жасырмайды. Ал,
тұрғындарға жоспарлы жұмыс екенін ескерткенбіз деумен шектелді.
Қайрат Байсейітов, Шымкент қаласы
«3-энергоорталық» АҚ учаске бастығының міндетін атқарушы:
Тұрғындардың үйінің жанында ирригационный лоток деген болу керек, судың
бәрі содан ағып кетуі керек. Оның бәрін тұрғындардың өзі жауып тастаған,
бекітіп тастаған. Сондықтан су кететін жері жоқ. Сондықтан су тұрғындардың
есігінің алдына барып жатыр. Ал ол кісілердің шығындарын? Шығындарын жазсын,
жазатын жерге. Жоғарыдан заң жүзінде қаралады.
Тұрғындар 3-энергоорталық басшыларына мұңымызды жеткізуіміз бірінші рет
емес деп отыр. Бұған дейін де аталған орталыққа қатысты сотқа шағымданған. Ал
мекеме басшылығы қыста жұрт жылусыз қалмас үшін дайындықты қазірден бастап
жатырмыз деп ақталды. Тозығы жеткен құбыр жақын күндері алмастырылады деп
сендіруде.Бірақ уәдеге әбден тойған тұрғындар бүгін кезекті арызын дайындап
қойды.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ