Русский Сайттың толық нұсқасы

Таразда троллейбустар түбегейлі тоқтады

  • AstanaTV
  • 17 маусым 2014
  • 1310

Таразда троллейбустар түбегейлі тоқтады. 35 жыл бойы тұрғындарды тасымалдап келген «ТаразКоммуналКөлік» серіктестігі қарызға белшеден батқан. Жергілікті билік те қауқарсыз: меншік иесі серіктестікті бар мүлкімен қоса сатылымға қойып отыр. Ал тараздық тұрғындар болса, тоқпен жүретін транспорттың тиімділігін айтып, оның тоқтағанына наразы. Данияр Әлімқұл тақырыпты сабақтайды.

Таразда троллейбус тоқтағалы 1 айдан асты. «ТаразКоммуналКөлік» серіктестігігіне тиесілі 15 көлік 6 мамырдан бері жұмысқа шыққан жоқ. Тасымалдаушы мекеменің электр қуатына қаразы өскен. Одан өзге жалақы мен керекті құрал-жабдыққа үшін берешек. Жалпы қарызы 8 млн тенгеден асты.

Керімхан Тамаев, «ТаразКоммуналКөлік» ЖШС директоры:

Қаржы бөлінбеді уақытысында. Электр қуатына қазір 2,5 млн теңге қарызбыз. Қарызданған себебіміз, 1 тролейбустың табысы - мысалға бір күнде 10 мың теңге болатын болса, оның 7-8 мыңы электр энергияға кетеді. Сол себепті, бізге дотация болмай троллейбус жүру мүмкін емес. Біздің сұраныс - муниципальный автобус сатып алып берсе дейміз. Қосымша 20 газбен жүретін автобустар болса, біздің шығындарымызды электр энергия және еңбек ақыға толығымен жетер еді.

Былтыр қалалық әкімдік серіктестікке көмек қаржы ретінде 4 жарым миллион теңге бөлген. Ал, биыл бір тиын да қаралмапты. Сол себепті қоғамдық көлік қызметін тоқтатқан.

Жергілікті билік керісінше, троллейбустар тасымалын тиімсіз деп тапты. Кірістен гөрі, шығыны шаш етектен дейді. Сондықтан, жақында әкімдік «ТаразКоммуналКөлік» серіктестігін бар-жоғы 1 млн 300 мың теңгеге бағалап, сатылымға шығармақшы.

Шыңғыс Егембердиев, Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы:

Троллейбус автопаркін қалалық бюджеттен қаржыландырып отыру мәселесі бүгінде мүмкін болмай отыр. Өте шығынға толы. Муниципалды автопарк құруды да көргенбіз. Ол да мүмкін болмай отыр. Сондықтан, саудаға қою ғана дұрыс.
- Сатылым сонда аукцион түрінде бола ма?
- Енді айтып отырмын ғой жұмыстар жүргізіліп жатыр қазір оны нақты кесіп айта алмаймын.

35 жылдан бері қала тұрғындарына қызмет көрсетіп келген қоғамдық көлікті бұдан былай көшеден көрмейсіз. Таразда троллейбус мүлдем жүрмейді. Кеңестік кезеңнен бері қарай шағын шаһарда ұзын саны 80 бірдей троллейбус қатынаған дегенге енді ешкім сенбес.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ