Русский Сайттың толық нұсқасы

Жыл аяғында мемлекеттік органдардың ашық қызмет рейтингі ғаламторда жарияланбақ

  • AstanaTV
  • 16 маусым 2014
  • 1229

«Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдау бөліміне түсетін шағымдардың басым бөлігі мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты. Осыған орай жыл аяғында мемлекеттік органдардың ашық қызмет рейтингі ғаламторда жарияланбақ.

Бұл туралы бүгін партиялық бақылау комитетінің отырысында айтылды. Арыздардың 30 пайызы зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік көмек және мемлекеттік баспана мен жерге байланысты. Ал 20 пайызы жұмыссыздық пен жалақы мәселесі төңірегінде. Партия төрағысының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің айтуынша, республикалық қоғамдық қабылдау бөлімдеріне соңғы 5 айда 200 мыңға жуық адам өтінішпен келген. Бүгінде 39 мыңдай арыз-шағымның 75 пайызы қаралды. 

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

"Нұр Отан" партиясы билеуші партия ретінде жалпы мемлекеттік емес ұйымдардың басын қосып, жалпы халықтың мұң-мұқтажын біліп, қиыншылықтарын біліп, бірлікке жеткізу керек. Ал енді оның негізгі құралы, біз өзіміздің тарапымыздан бақылауды, партиялық жауапкершілікті күшейтуіміз қажет. 

Сондай-ақ партияға шағым түсіргендер қатарында сапасыз жолдар мен тұрғын-үй коммуналдық қызмет көрсетудің мардымсыздығына наразы жандар көптеп кездеседі. Келушілердің 5 пайызы денсаулық сақтау саласына, оның ішінде емделуге берілетін квотаға қанағаттанбайтынын білдірген.

Сот шешімімен келіспейтін, білім сапасы мен бала-бақша қызметіне шағым түсіргендер де бар. Партияға жұмыссыздық мәселесі бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтар да келген. "Кедергісіз келешек" жобасы аясында жыл аяғына дейін 6 мыңнан астам мүгедек еңбекпен қамтылатын болды.

Жұрағат БАМАН