Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада тұңғыш рет аударыспақтан бірінші ашық Азия чемпионаты өтті

  • AstanaTV
  • 16 маусым 2014
  • 1769

Астанада тұңғыш рет аударыспақтан 1-ші ашық Азия чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеге 11 мемлекеттің спортшылары қатысып, үш салмақ дәрежесінде мықтыны анықтады.«Қазанат» атшабарында өткен жарыста қарсылас шақ келтірмеген Қазақстан құрамасының спортшылары бас жүлдені ұтып алды. Тақырыпты Самат Қанағатов тарқатады.

Еліміздің ұлттық спорт түрлері қауымдастығы төл өнерімізге ерекше көңіл бөледі. Жыл сайын Республика аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар көптеп өтеді. Жуырда Астанада көкпардан Құрлық жарысы өтті. Енді астаналықтар Елорда төрінде жалауын желбіреткен аударыспақтан 1-ші Азия чемпионатының куәсі болды. Дүбірлі жарыстың өтуіне мұрындық болып отырған «Нұр Отан» партиясы.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Үлкен іс-шаралар түркі тілдес халықтарға ортақ. Біздің Еуразия жүрегінде, Астана төрінде өткені-еліміздің тұрақтылығы, келісімі, экономиканың дамуының арқасында болып жатқан мәселе. Сондықтан біздің елімізге, Астана мерекесі қарсаңында келе жатқан тек қана жақсылық тілей отырып, біздің Елбасының жетекшілігімен қазақ халқы одан да әрі үлкен жетістіктерге жетеді деп ойлаймын.

Жарыс ұйымдастырушылары пайымдауынша «Аударыспақ түркі тілдес халықтарға ортақ болғанымен ерекшелігі бар».

Бекболат Тілеухан, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті:

Ереже біз белгілеген ережедей болады. Өйткені біз барлығын ескердік. Ауғанның да, Өзбектің де, Қырғыздың да басқалардың талаптарын ескере отырып жасалды. Бірақ, айырмашылық бар. Термин қазақ тілінде болады. Өйткені алғашқы Азия чемпионатын өткізген алаң иесі ретінде біздің басымшылдығымыз-терминдердің қазақша болуы.

«Нұр Отан» партиясының жанынан құрылған «Мирас» қоғамдық кеңесі-ұлттық құндылықтар мен төл өнеріміздің жаңғыруына өз үлесін қосып жүр.

Амангелді Кеңшілікұлы, «Нұр Отан» партиясы жанынан құрылған «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшесі:

"Мирас" қоғамдық кеңесі алдағы уақытта да ұлттық дәстүрге қатты назар аударып, оны мынау ұлттың санасына сіңіруге, насихаттауға өзінің зор үлесін қосматын болады. «Нұр Отан» партиясының саяси доктринасында кәдімгі руханиятқа, ұлттық құндылықтарға ерекше көңіл бөлінген.Жарысқа келсек.

Үш салмақ дәрежесінде өткен бәсекеде еліміздің білекті жігіттері қарсылас шақ келтірмеді. 70 келі салмақ дәрежесінде Ермек Жәпішов үздік шықса, 90 келіде Сырым Ізбасаров топ жарды. Ал аса ауыр салмақта жеңімпаз атанған Біржан Қосалиев сондай-ақ, абсолют чемпион атағына қол жеткізді. Аударыспақтан екінші ашық Азия чемпионаты енді Қытай Халық Республикасында өтеді.

Самат ҚАНАҒАТОВ