Парламент депутаттары жазғы демалысқа кетті. Күзге дейін ел аралап сайлаушылармен кездесетін сенаторлар мен мәжілісмендер қос палатаның бірлескен
отырысына жиналды. Бір жылдық жұмыстарын қорытындылады. Бесінші шақырылымның үшінші сессиясында Парламент қарауына бас аяғы 154 заң жобасы енгізіліп, оның 104-і қабылданған. Президент
80 заңға қол қойды. Отырыста бірнеше сын да айтылып, кей азаматтарға мін де тағылды. Депутаттарды демалысқа шығарып салғандар арасында Айгүл Әдепбай да болып қайтты.
Мектеп түлектеріне ақ жол тілегендей, депутаттарға да жолыңыз болсын деуге болады бүгін. Олар кеңейтілген залға кіруге дәл бүгінгідей асықпайтын шығар. Бірер сағаттан соң сенаторлар мен мәжілісмендер
арқаны кеңге салады. Бір-бірін күзге дейін көрмейді. Сондықтан қол алысып, арқа-жарқа.
Министрлердің де көңілі көтеріңкі.
Алайда мінберге шыққан Мәжіліс төрағасы қуанышты басқандай болды. Сын айтуды сұрап тұрған дүние аз емес. Тәуелсіздік алған 23 жыл ішінде екі жарым мыңға жуық заң қабылданыпты.
Бірақ Үкімет бір де бір заң жобасының бастапқы мәтінін қазақ тілінде әзірлемеген.
Қабиболла Жақыпов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Парламент заң жобаларын
мемлекеттік тілде әзірлеп қабылдаса, бұл біздің халқымыздың мүддесінен шығуға қосқан үлесіміз болар еді. Көбіне заңдардың бастапқы мәтіні орыс тілінде жазылып, артынан қазақ тіліне жаманды жақсылы аударылу
себебінде мемлекеттік тілді жетік меңгерген заңгерлердің, түрлі сала мамандарының тапшылығы айтылады.
Төраға Үкімет жанынан заңнамалардың ұлттық ғылыми-зерттеу институтын құру бастамасын көтерді. Өйткені министрлер кабинетінен түзетулер мен толықтыруларды
толтырып шығатын кей заң жобалары мәтінінің сапасы сын көтермейді. Депутаттар қарауына шала-пұла жазылған күйде жеткен 43
заң жобасы Үкіметке кері қайтарылған. Алайда бір де бір құжат қазақ тілінде дайындалмағаны үшін кері қайтпады. Заң жобасын әзірлеушілер тарапынан ұлттық мүдде
ескерілмей, көп жағдайда құжатқа шетелдік заң нормалары еніп кететін көрінеді. Спикер сөзін Жүсіп Баласағұнның даналығымен қорытындылады.
Қабиболла Жақыпов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
11 ғасырда Жүсіп Баласағұн «Әділ заң - тірегің» деген қанатты сөз айтқан екен. Бұл бабамыздың өзі әлі де өзекті. Осымен шақырылған 5 шақырылымның 3 сессиясы
жабық деп
жариялаймын.
Бұдан соң депутаттар отырыс залына кіруге қалай асықса, шығуға да солай құлшынды. Қоңырауға шыққан оқушылардай. Дегенмен тілшілер шаршаған депутаттарды оңайлықпен жібергісі жоқ. Соңғы сұрақтарын қойып үлгеріп жатты.
Сөйтіп
депуттаттар бесінші шақырылымның үшінші сессиясын қорытындылады.
Атқарылған жұмыс аз емес. Кемшіліктердің де барын байқадық. Дегенмен біткен істе мін жоқ. Депутаттар енді күзге дейін күш жинауға кетті. Алда жазғы демалыс.
Шығыс Қазақстанда Алакөл деген
тамаша көлде бес
баламмен, бір әйеліммен қарапайым халықтың ішінде демаламын.
Құдай қаласа, Зерендіге барамыз және Шығыс Қазақстанға барамыз.
Көрейік, шетелге де барып келуге болады.
Бурабайға барғым бар, бірақ путевка жоқ дейді.
Кешігіп қалыппын мен.
Айгүл ӘДЕПБАЙ