Қазақстанда халықты баспанамен қамтитын жаңа бағдарлама пайда болуы мүмкін.
Өйткені қазіргі "Қолжетімді баспана" бағдарламасаның аты затына мүлде
сай емес. Тұрғын үймен қамтамасыз ету перспективалары туралы жиында Мәжіліс
төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева осыны айтты. «Бүгінде 280 мыңнан астам
қазақстандық баспанаға мұқтаж".
Тұрғын үй кезегіндегі адамдар «Қолжетімді
баспана» бағдарламасына сеніп отыр. Алайда қолданыстағы бағдарлама бойынша олар
тек 40-50 жылдан кейін ғана баспаналы болатындықтарын жасырмау керек. "Осы
орайда жаңа, жалдамалы тұрғын үй бағдарламасын жаңғырту мәселесі туындап отыр", - деді Назарбаева.
Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, «Нұр
Отан» фракциясының жетекшісі:
Жаңа тұрғын үй бағдарламасын әзірлеу керек. Проблемадан шығудың басқа жол
көріп тұрған жоқпын. Мәселен, құрылысқа зейнетақы қорларының қаражатын неге
қолданбасқа? Мемлекет өзі кепілдік беріп, өзі құрылыс жүргізеді ғой?! Менің
айтарым осы. Бұл мәселені Өңірлік даму министрлігі Үкіметпен бірлесе шешуі
қажет.
Өз кезегінде Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев елімізде коммерциялық
баспана жүйесін енгізуді ұсынды. «Халықты тек мемлекеттік бюджет есебінен
тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкін емес. Елдегі ипотекалық қарызға кепілдік
беру қорын құруымыз қажет. Сондай-ақ, үлескерлер қаражатын тарту және сол
қаржыға құрылыс жүргізу меселелерін реттеу жұмысын іске асырудамыз», - деді
министр.
Болат Жәмішев, ҚР Өңірлік даму министрі:
Коммерциялық баспана тұрғызу мәселесі қаржы секторымен тікелей байланысты.
Бүгінде Қазақстанда тұрғын үй құрылысына банкілік несие беру жүйесі ақсап
тұрғанын мойындау керек. Біз үкіметке үлескерлік құрылыс турасындағы заң
жобасына өзгертулер енгізуге ұсыныс бердік. Сондай-ақ, ипотекалық қарызға
кепілдік беру жүйесін де енгізуді қарастырып жатырмыз.
Жұрағат БАМАН