Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодар аудандық ауруханасында мұражай ашылды

  • AstanaTV
  • 17 маусым 2014
  • 1359

Керекуде бірегей көрме ашылды. Онда өткен ғасырдың ортасында қолданылған медицина саласындағы құрал-жабдықтар қойылды. "Бұл, әсіресе, жас мамандарға таптырмас мүмкіндік",- дейді ұйымдастырушылар. Мұражай Павлодар аудандық ауруханасында орналасқан. Бірден көзге түсетін жәдігер - 1961 жылы іске қосылған стоматологиялық бор машинасы. Тіс дәрігерлері осы қондырғы арқылы науқастарды емдеген. Жылжымалы электро-кардиографиялық қондырғы да құнды заттың бірі.

Өткен ғасырда бұл құрылғы талай жанға медеу болған. Әсіресе шалғайдағы ауылдар тұрғындарына сіңірген еңбегі зор. Өңірге белгілі дәрігерлердің жеке заттарын да осы жерден кездестіруге болады. Құнды жәдігерлерді денсаулық сақтау саласының қызметкерлері үш жыл бойы жинақтаған. Әлі де талай дүниелер мұражайға әкелінетін болады.

Айта кетейік, Павлодарда алғашқы медициналық мекеме 1905 жылы ашылған. Сол кезде облыс орталығында 10 орынға шақталған, ал Баянауылда 5 адамды қабылдайтын алғашқы аурухана іске қосылады.

Мұса Тентекбаев, Павлодар облыстық денсаулық сақтау саласы қызметкерлері ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Жастарға, әсіресе медициналық колледж бітіретін жас мамандарға тәжірибе алуға және көріп білуге бұрынғы ағалары, үлкендер қандай жағдайда, қалай жұмыс істеді, қандай жетістіктерге жетті деген сияқты.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ