Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда аспан асты мұражайы ашылды

  • AstanaTV
  • 18 маусым 2014
  • 2522

Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайында мүсіндер саябағы пайда болды. Ашық аспан астына өнер көрмесін орналастыру елімізде тұңғыш рет қолға алынып отыр. Мақсат - ұлы дала мәдениетін жаңа үлгіде дәріптеу, әрі энергетиканың балама түрін дамыту. Саябақ аумағы экологиялық қауіпсіз, әрі күн сәулесімен жұмыс істейтін батареялармен жарықтандырылған.

Оксана Танская, жоба жетекшісі:

Бүгін жиналғандар назарына ұзын саны 22 мүсін ұсынылды. Бәрі де отандық мүсіншілердің қолынан шыққан бірегей туындылар деп танылған.

Жобаны осыдан 1 жыл бұрын пысықтап, күзде ашамыз деп жоспарлаған болатынбыз. Бірақ аспан астында мұражай ашу біз ойлағандай оңай емес екен. Көрме екі бөлікке бөлінген. Біріншісінде классикалық мүсіндер қойылса, екінші бөлігі заманауи еркін кескіндемелерге арналған.

Көрмеге республиканың әр аймағынан үздік деген жұмыстар ғана таңдап алынған. Солардың бірі «Атамекен» мүсіні. Қолына қара домбыра ұстаған ақсақалдың бейнесі арқылы автор далалық мүсіндердің қазақ жерінде ежелден болғандығын дәлелдегісі келгендей.

Шоқан Төлеш, мүсінші:

Мәдени мұра бағдарламасы арқылы талай мағлұматтар келіп жатыр. Біз бұрын еміс-еміс білетінбіз, әйтеуір жан-жақтан оқып. Білетініміз сақ, ғұн, түркі дегенді білетінбіз. Ал енді одан да терең мағыналар бар. Кейінгі балаларымыз бізде атам заманнан бері мүсін болғанын білуі керек. Тіпті
, кейбір көрші халықтар ондай жағдайға жетпей тұрғанда бізде мүсіндер болған.

Ал мүсінші Асқар Есдәулетовтің туындыларынан бүгінгі мен кешегінің көрінісін көруге болады. Автор «Жоқтау» атты кескіндемесі арқылы ежелгі өмір салтын сәтті бейнелеген.

Асқар Есдәулетов, мүсінші:

Ата-бабабаларымыз қалай қайғы шеккенін көрсеткім келді. Мына әйнек арқылы қазіргі адамды өз-өзін көрсін, ата-бабанын бешпентін қалай кигенін көрсеткім келеді.

«Дон-Кихот». Аталмыш туындының авторы Руслан Ақанаев. Ол оған 9 ай уақытын жұмсаған. Ұзындығы 3 метрден асатын жұмысын ол автобөлшек қалдықтарынан жасапты. Автордың айтуынша, аталмыш туындыны ол "Дон Кихот" романының 400 жылдығына арнаған.

Ұйымдастырушылар мұражай қорын жыл сайын жаңа дүниелермен толықтыруды көздеп отыр. Өйткені, мүсіншілердің арасында бұл жерге өз туындысын ұсынғысы келетіндердің қатары мол боларына сенімді.

Маржан СЕРІКҚЫЗЫ