Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтауда қолдан жасалған 700 мың тенге анықталды

  • AstanaTV
  • 18 маусым 2014
  • 1291

Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында жалған ақша жасаған алаяқтар ұсталды. Құрыққа түскен үш азаматтың екеуі Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының, ал біреуі Өзбекстанның азаматы болып шықты. Олар 50 мың теңгеден астам жалған ақшаны қала дүкендеріне өткізіп үлгерген. Ал пәтерлерін тінту кезінде қаржы полициясының қызметкерлері қосымша 700 мың теңге көлеміндегі ақшаны тапқан.

Тергеу барысында анықталғандай, жалған ақшалар Жамбыл облысындағы жасырын қоймада шығарылған. Ол қойма былтыр әшкереленгенімен, қолдан жасалған теңгелер еліміздің аймақтарына тарап кеткен. Ақтауда айналымда жүрген жалған ақшаларды сатушылар байқап, полицияға хабар берген. Жеңіл пайда таппақ болғандар бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Нұргүл Мұқатай, Маңғыстау облысы ЭҚСЖҚК департаментінің баспасөз хатшысы:

Олар Маңғыстау облысы аймағында ҚР Ұлттық банкінің 10 мың теңгелік номиналы көлеміндегі ақшаны сату орталықтарына таратқан. Бұл азаматтарға қатысты Қылмыстық кодекстің 206-шы бабы, 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Маржан СЕРІКҚЫЗЫ