Астана мен Сеул арасында саяси
келіспеушілік жоқ. Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы төтенше және өкілетті елшісі
Дулат Бақышев «Айқын» газетіне берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді.
Қазақстан мен Кореяның ортақ
мүдделері көп, - дейді елші. «Корея Қазақстанның саяси және
әлеуметтік-экономикалық салалардағы жетістіктерін жоғары бағалайды. Екі
тараптың ұлттық экономикалары арасында бәсеке жоқ және бірін-бірі толықтырып
отыр. Президент Пак Кын Хенің алдағы сапары мұны тағы да растамақ. Тіпті, екі
елдің ежелгі дәстүрлері, ділі, тілдері де өте ұқсас келеді», - дейді Дулат
Бақышев.
«Оңтүстік Корея Қазақстанның және
Елбасының бейбітшілік бастамаларын толығымен қолдайды. Қазіргі таңда тараптар
Балқаш жылу электр стансасы, Атырау облысындағы газ-химиялық кешен, Жамбыл
облысындағы жер қойнауын игеру сияқты ірі жобалардың бірқатарын жүзеге асыруда.
Кореяны, әсіресе, Қазақстанның транзиттік мүмкіншіліктері қызықтырады. Елімізге жаңа инвестициялармен
бірге жаңа технологиялар және өндірісті басқарудың жаңа түрлері келді. Қазір 700-ден астам
қазақстандық-кореялық біріккен кәсіпорындар жұмыс істеуде»,
- деп қосты Дулат Бақышев.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА