Русский Сайттың толық нұсқасы

Лаңкестік ұйымдарға қатысты азаматтардың Қазақстанға кіруіне тыйым салынады

  • AstanaTV
  • 18 маусым 2014
  • 1513

Лаңкестік ұйымдарға қатысы бар азаматтардың Қазақстанға кіруіне қатаң тыйым салынады. Мәжіліс «экстремизмге және терроризмге қарсы iс-қимыл мәселелерi бойынша кейбiр заңнамалық актiлерге өзгерiстер мен толықтырулар еңгiзу туралы» заң жобасын мақұлдады.

Құжат Сенатқа жолданды. Жобаны әзірлеу барысында алпыстан астам түзету ұсынылған. Басым бөлігі лаңкестікке қарсы күрестің құқықтық базасын жетілдіруге мүмкіндік береді. Жалпы, «экстремизм, терроризм» анықтамасы нақтыланатын болады. Енді теріс пиғылды ұйымдар мен бағыты бөлек ағымды насихаттап хабар таратушы ақпарат құралдары террористтік, не экстремистік ұйым деп танылады. Оларға қарсы жедел шешім қабылданады.

Аталмыш бапқа қатысты қылмыстық істер де «ерекше іс» ретінде қаралмақ. Жобаны әзірлеген Заңнама және сот құқықтық реформа комитеті мамандарының айтуынша, бұл өзгерістер өндірісте айлап-жылдап қаралатын қылмыстық істердің мәселесін шешпек.

Мұнан бөлек, экстремисттік немесе террористік ұйымдарға қатысты «шетелдік» немесе «халықаралық» деген сөздерді алып тастау, оларды әрекет ететін аумағына қарамастан тану туралы шешім қабылданды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Террористтік материалдар, террористтік топтар деген ұғымдарға нақты анықтамалар беріліп отыр. Бұл енді осы саладағы шаралардың тиімділігін арттыруға жұмыс істейді деп сенеміз. Сондықтан, жалпы бұл заң жобасын дайындаған кезде халықаралық тәжірибені де ескердік. Және де бұл заң жобасы қабылданып жатса, еліміздің қауіпсіздігіне, азаматтарымыздың, мемлекеттік органдарымыздың қауіпсіздігіне жұмыс істейтін заң жобасы болады деп сенеміз.

Мәжіліс отырысында қабылданған жобалардың ішінде сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы заң жобасы да бар. Оған сәйкес, енді судьялар конкурстық тәсіл арқылы тағайындалады. Қазыларды таңдауда қоғам мүшелерінің рөлі артпақ. Яғни, қара қылды қақ жаратын әділ сотты халық өзі таңдау мүмкіндігіне ие болмақ. Және облыстық сот пен алқа төрағаларын тағайындау бойынша жұмыс өтілінің көлемі белгіленді. Бұндай лауазымға үміткерлердің енді кем дегенде 5 жыл жұмыс тәжірибесі болуы шарт.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ